Тұрмыстық заттар шығарылады

Уақыты: 06.10.2016
Оқылды: 2514
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қарасай ауданында орналасқан «Colden and Younq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс істеп келе жатқанына бес жылдай уақыт болды. Осы аралықта көпке танымал болып үлгерген серіктестіктің қазіргі тірліктері жаман емес. 

Аталған кәсіпорын күнделікті тұрмыста қолданылатын сабын, шампунь, тіс пастасы сияқты әртүрлі жуғыш заттар мен тазартқыштар және косметикалық бұйымдар шығарумен айналысады. Дайын өнімдері елдің түкпір-түкпіріне таралады. Сондай-ақ, үлкен сұранысқа ие. Өйткені, мұнда саннан гөрі сапаға көп мән берілген. Ол үшін арнайы зертхана жұмыс істейді. Қырғызстанға да экспортталады. Кәсіпорынның іші-сырты мұнтаздай тазалығымен көз тартады. Бәрі өз орнында. 
Жұмысшылар да өз істерінің білгірі екендігін бірден аңғартады. Олар өз істерін шебер меңгеріп, жұмыс үрдісін қыздырып жатыр. Қалай десек те әлде бір шаруаны бастап, оны одан әрі дөңгелетіп әкету оңай емес. Алдымен оған қомақты қаражат, содан соң ынта мен жігер, ептілік қажет. Әйтсе де қолына түскен қаржыны ұқсатып, пайдаға асыру ақылды керек етеді. Мұндағы жұмыс барысын әңгімелеген өндіріс жөніндегі жетекші Олег Зубков: 
– Біз мемлекеттік «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 154 миллион теңгеден астам несие алып, ол қаражатты осы зауыттың құрылысына жұмсадық. Одан бөлек 25 миллион теңге несиені айналымдағы қаржыны толтыруға алдық. «Даму» қоры 12 миллион 500 мың теңгеге кепілдік берді. Осының арқасында өндіріс ауқымы кеңейіп, өнім көлемі артты, – дейді.
Мемлекет қолдауының арқасында биыл жаңа ғимарат салып, істерін одан әрі жандандырып жатқан кәсіпорын қазір тұрмыстық заттардың жүзден астам түрін өндіреді. Ал айына жүз тонна өнім дайындалады. Оған қажет шикізат шетелден әкелінеді. Ыдыстары Павлодарда жасалынады. Өндірісте жиырмадан аса адам еңбек етеді. Басым бөлігі тәжірибелі мамандар. Орташа жалақылары тоқсан мыңнан асады. Өнім бағасы шетелдікіне қарағанда бірнеше пайызға төмен. Алдағы уақытта Астанада да филиалдарын ашып, істерін одан әрі өрістетпек. 

Айгүл Байбосынова
Қарасай ауданы.