ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ОБЛЫСҚА ОҢ БАҒАСЫН БЕРДІ

Уақыты: 23.03.2019
Оқылды: 1187
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Үкімет басшысы Асқар МАМИН облыс орталығына жасаған сапарында Талдықорғанның шығыс бөлігінде орын тепкен индустриалды аймаққа ат басын бұрды.

Аталмыш аймақта жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар көп. Бұл жобалар жайлы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Руслан Қожасбаев таныстырды. Мұнда қомақты қаражатпен іске асатын бірнеше жоба бар. Олардың екеуі биыл күзде жүзеге аспақ: бірі - майлы дақылдарды өңдейтін "Жетісу Мажико"агрокешені" ЖШС, бірі - ет өңдейтін "Лунюань Жетісу" ЖШС. Екі жоба талай адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде.

Асқар Ұзақбайұлы Талдықорғандағы жұмыс сапарын облыстық Кәсіпкерлер палатасында жалғастырды. Жаңа ауданнан бой көтерген кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов бейнеэкран арқылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Талдықорған қаласының оңтүстік-батыс аймағында салынып жатқан алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы бар он алты қабатты екі үйді көріп қайтты. "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" қызметі жəне жалпы өңірдің əлеуметтік-экономикалық даму бағыты бойынша облыс əкімі Амандық Баталов пен облыс əкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов түсіндіріп берді.

Заман талабына сай медициналық орталығы бар тұрғын үйдің жалпы құны 2,6 млрд. теңгені құрап отыр. Онда 230 пəтер болады. Оның 180-і бір және екі бөлмелі, 46-сы үш бөлмелі пәтерлер. Сонымен қатар, оның 50 пəтері "7-20-25" бағдарламасымен берілсе, қалғаны банк салымшыларына арналған. Мұнымен қоса медициналық орталықтың тəулігіне 300 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Онда 87 медицина қызметкері жұмыс істейді.

Аталған екі тұрғын үй мамыр айында беріледі деп жоспарланып отыр. Лаззат Махатұлының айтуынша, облыста "7-20-25" бағдарламасына аймақ бойынша 286 өтінім түскен. Оның 145 өтініші талап бойынша бекітілді. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша да өсу қарқыны бар. Мəселен, өткен жылы 713,2 пайызды құраса, биыл 784,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтуды назардан тыс қалдырмау қажеттігін айтты. Бұл жөнінде Амандық Баталов көпбалалы отбасылардың үймен қамтылатынын жəне қаланың қасынан бой көтеріп жатқан коттедж қалашығынан үй берілетінін жеткізді. Сонымен қатар, Қарасай ауданы, Шамалған ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Талдықорған қаласында құрылысы басталған жүзу бассейнінің де құрылысымен таныстырып өтті. Газдандыру жұмысы бойынша да ілкімді істер атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Осындай ауқымды істің куəсі болған Асқар Мамин жұмысқа оң бағасын беріп, істің бұдан да қарқынды жүруін тапсырды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕК

Алматы облысы