ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АККУМУЛЯТОР ЗАУЫТЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 23.03.2019
Оқылды: 1354
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жеңіл автокөліктерге, жүк көліктеріне, ауылшаруашылық және әскери техникаларға қажетті аккумулятор өндіретін «Қайнар АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы барған Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар МАМИН өндіріс орнындағы жұмыс кестесімен танысты. Жылына 3 миллион аккумулятор шығаратын зауыттың жүйелі жұмысынан хабардар болды.

Облыс әкімі Амандық Баталов бастаған жұмыс тобын өндіріс орнының қақпасынан күтіп алған серіктестік төрағасы Қуаныш Әжмағамбетов көпшілікке әрбір бөлімнің атқаратын қызметі мен ондағы жұмысшылардың санына тоқталды. Оның айтуынша, Африка құрлығындағы бірқатар ел мен көршілес Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан нарығына аккумулятор шығаратын кәсіпорында бүгінгі күні 1117 адам жұмыс істейді.

– Өздеріңізге белгілі Үкімет басшысы ұзақ жыл бойы өндірісте еңбек еткен. Тәжірибесі үлкен маман. Сондықтан, бұл кісінің жасаған қадамы біз үшін зор мәртебе, үлкен жауапкершілік. Бізге келуді бұрыннан жоспарлап жүр еді, бүгін соның сәті туды, – деді Қуаныш Мәдиұлы. – Соңғы 10 жылдың ішінде мемлекеттен көріп отырған қолдаудың арқасында біз өндірісті он есеге көбейттік. Экспортқа шығатын өнім мөлшері де соншаға өсті. Еңбек тиімділігі 24 есеге артты. Еңбеккерлеріміздің жағдайы жақсы. Оларға берілетін орташа айлық мөлшері - 160 мың теңге. Одан да басқа әлеуметтік көмектер беріліп тұрады. Осындай жетістіктерімізге риза болған Асқар Ұзақбайұлы қуанышын жасырмады. Біздің мамандардың экологиялық қиын жағдайда атқарған тынымсыз еңбегін жоғары бағалады.

Ескірген аккумуляторларды өңдеу цехындағы жұмыспен танысқан Үкімет басшысы зауыттың жүйелі жұмысына оң баға беріп, зауытқа мемлекет тарапынан қолдау мен көмектің толастамайтынын жеткізді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы