"ҚЫСТАН ЖАЙЛЫ ШЫҚТЫҚ": КЕГЕН АУДАНЫНДА МАЛ ТӨЛДЕП ЖАТЫР

Уақыты: 17.04.2020
Оқылды: 1010
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көктемі кешірек келетін Кеген ауданында көктемгі төл алу науқаны басталды. Сәуір айының бас кезінен қырдағы ағайынның ауылынан құлдыраңдаған қозы мен лақтың, бұзау мен құлынның нәзік дауыстары естіледі.

Кеген ауылдық округіне қарасты Ержан Сағымбеков басқаратын «Кең дала» шаруа қожалығының жағдайы жақсы. Ол белгілі кәсіпкер әрі мал шаруашылығын да қатар өрістетіп келе жатқан еңбекқор жан.

Ержан Кеген ауылындағы орталық базардан алғашқылардың бірі болып азық-түлік сататын сауда орталығын ашқан болатын. Соған орай ол қазіргідей сындарлы шақта елі мен жұртын азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді. Ауылдағы қамқорлықты қажет ететін отбасыларын да назарынан шығарған емес. Осы жақында ғана «Кең дала» шаруа қожалығы 10 отбасыға азық-түлік жағынан көмек көрсетті.

Аталған шаруа қожалығының 1200 бас саулығы, 100 сиыры бар. Мал жаппай төлдеп жатыр. Біз қожалықтың Ақсай өңірінде орналасқан қой отарларын, Сарытаудағы ірі қараларын көрдік. Бәрінің жайы жақсы. Өрістері құлдыраңдаған қозы мен қоңырқай бұзауларға тола бастапты. Өңіріндегі бас шопан Тоқан Оңласынұлы бастаған төлші жігіттердің қолдары қуатты бола берсін дедік. Істері ілгері, еңбектері елеулі. Жұмаш Әлімбеков, Тоқтасын Тананбаев, Төлеген Сағымбеков, Серікбол Тоқанұлы, Орынбасар Тұрсынов, Дәурен Айтбаев секілді азаматтардың өз жұмыстарын жақсы білетіні байқалып тұр.

Малшы, төлшілердің бәріне қажетті жағдайлары жасалған, еш реніштері жоқ. Ай сайын қомақты көлемде еңбекақыларын алып отыр. Бас шопан Тоқан Оңласынұлының зайыбы Кенже Ноғайбаева да төлші жігіттерге тамағын дәмділеп дайындап беріп жүрген жайдары жан. Сарытаудағы сиырларды төлдетіп жүрген Әмір Осан мен ұлы Нұрданбектің, бас малшылардың бірі Нүсіп Жексенбиевтей азаматтардың да көңілдері жайдары. Жұмыстары ретімен жүріп жатыр.

– Биыл әр жүз саулықтан болжамға сай қозы алынатынына, бұзаулардың да жайы ойдағыдай болатынына сенімдіміз. Жемшөбіміз қатал қыстан артылып тұр. Қолдағы малымыз қыстан жайлы шықты, – дейді ақжарқын азамат іштегі ойын ақтара.

Біз Ақсай мен Сарытау өңіріне көрік бере бастаған жас төлдердің қатары көбейе берсін деп аттандық.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы