"ҚАРАП ЖАТҚАН ЖОҚПЫЗ": ТАЛҒАР АУДАНЫНДА СУ АРНАЛАРЫ ТАЗАРТЫЛДЫ

Уақыты: 16.04.2020
Оқылды: 1170
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көктемгі дала жұмыстары кешеуілдеуді күтпейді. Ауа райының жауынды болуына қарамастан егіс алқаптарының басы қарбаласқа толы. Соның бірі - жүгері егуге арналған 230 гектар алқаптың басында дайындық жұмыстарының қыза түскендігін тілге тиек етпекпіз.

Жетісу өңірінде 20 жылға жуық жүгерінің жоғары сортты тұқымын өсіріп, одан еселеп өнім алумен айналысып келе жатқан Еңбекшіқазақ ауданына қарасты «Будан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің іс-тәжірибесі мен жеткен жетістіктері кеңінен мәлім.

Міне, жүгері өсіруде тәжірибесі толысқан аталған серіктестік Нұра ауылдық округінің аумағынан жүгері мен тұқымдық жүгері, бидай өсіруге мың гектарға жуық егіс алқабын алып, онда жергілікті тұрғындардың еңбек етуін қамтамасыз етті.

- «Көктемнің бір күні жылға азық» деп бекер айтпаған. Күн райының жаңбырлы болуына байланысты жер жырту мерзімін кешіктірудеміз. Бірақ қарап жатқан жоқпыз. Күнделікті алқап басындағы 5-6 шақырымдық каналды шырмалған қамыс-қурайдан тазарту жұмыстарына білек сыбанып кірісіп кеттік. Бұл жұмыстар тек қол күшімен атқарылады, – дейді бізбен тілдескен «Будан» ЖШС Нұра ауылдық учаскесінің жетекшісі Айдар Атеев.

Аз күнде тұқым себіліп, оны таңның атысынан кештің батысына дейін қарғадан қорғау да қырағылықты қажет ететін үлкен жұмыс көрінеді. Тұқым өніп, көктеп шыққаннан кейінгі уақтылы суарып, күтіп-баптау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарыла бермек. Бүгінде жүгері учаскесіндегі жұмыстардың тиянақты әрі уақытылы атқарылуына ауылдың аптал азаматтары тартылған.

Атап айтсақ, Жанболат Жұртбаев, Жандос Бекбергенов, Болат Омаров және Айбек Бейсен сынды жүгері өсірудің қыр-сырына қанық еңбек адамдары жұдырықтай жұмылып, күрек-кетпен, шалғы-қайрақтарын алып, каналдың тазартылуына бар күш-қайратын жұмылдыруда. Ұзақты күн еңбек ететіндіктен алқап басында бір мезгіл ыстық тамақ ішу де ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде әрлі-берлі сыбалмай, уақытты ұтымды пайдаланып, еңбек өнімділігін арттыруда.

Ұлбосын ИСАБЕК

Нұра ауылы,

Талғар ауданы,

Алматы облысы