"91 МЫҢ ҚОЗЫ АЛЫНДЫ": АҚСУ АУДАНЫНДА САҚМАН НАУҚАНЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Уақыты: 17.04.2020
Оқылды: 2231
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биыл Ақсу ауданында қыс жақсы болып, көктем ерте келді. Мал өсіріп, күн кешіп отырған шаруалардың қолдағы берекесі қыстан жайлы шықты. Бұл туралы Ақсу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Көктем шығып сәуір туысымен малды ауылдарда қозы-лақ үні естіле бастайды. "Ауданымызда сақман науқаны аяқталуға жақын. Мал жаппай төлдеп жатыр. Ұсақ мүйізді малдың аудандағы жалпы саны 162 мың 850 бас. Бүгінгі күні 120 мың 500 бас төл алынды. Жалпы ауданда қой саны 130 мың 65 бас", - делінген хабарламада.

Бүгінде Ақсу ауданында Шопан ата төлінің саны 91 мыңға жетті. Өңірдегі ешкінің жалпы саны 32 мың 785 бас болды. Ал Шекшек ата төлінің жалпы саны 29 мың 500 басты құрады. Мал шаруашылығындағы қарқынды жұмыс өз ретімен жүріп жатыр. Осындайда «Мал өсірсең қой өсір» деген аталы сөздің текке айтылмағанын ұғына түсетініміз жасырын емес.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды