"ЖОЛ САПАСЫНА КІМ ЖАУАПТЫ?" ХАЛЫҚ ЖІПТІҢ ҰШЫН ТАППАЙ, ӘКІМДЕРДІ СЫНАЙДЫ

Уақыты: 27.04.2020
Оқылды: 952
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан автобизнес қауымдастығының өткен жылғы мәліметі бойынша, елімізде барлық типтегі 4 566 198 көлік пен тіркеме бар. Олардың 3 755 890 данасы жеңіл автокөлік болса, 446 475-і ауыр жүк көлігі және 241 259-ы тіркеме мен жартылай тіркеме, 63 058-і мототехника, 59 516-сы автобус. Биыл бұл көрсеткіштің арта түспесе кемімегені белгілі. Осыншама көлік автомобиль жолдарымен ағылып жатады. Қай-қайсысы болсын сапалы, тақтайдай тегіс жолмен жүргенді қалайды. Сондықтан жол сапасы – маңызды мәселе.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ел алдындағы есеп беру жиынында: «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал – Достық», «Күрті – Бурылбайтал», «Ұзынағаш – Отар» көлік жолдарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Соның арқасында барлық стандарттарға сай келетін шамамен 1526 шақырым тамаша жолдар іске қосылады, бұл облыстың транзиттік әлеуетінің одан әрі ұлғаюына жағдай жасайды. Жергілікті маңызы бар және ауылішілік жолдардың да сапасы төмен болмауы тиіс. Жергілікті маңыздағы жолдардың қазір 81 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. 2020 жылы бұл көрсеткіш 84 пайызға жетеді, облыстық және аудандық маңыздағы 492 шақырым жолдар, сондай-ақ 108 елді мекеннің ауыліші жолдары жөнделеді», – деп нақты атап өткен болатын.

Айтса айтқандай-ақ, сонау жылдармен салыстырғанда облыс аумағында қаншама жолдар салынып, ел игілігіне жарап тұр. Алайда жаңа салынған жолдың кейбір жерлері талапқа сай болмағандықтан сапасын жоғалтуда. Жол салуды бір компания ғана емес, бірнеше мердігер жүзеге асыратындықтан қарапайым жұрт жіптің ұшын таппай, әкімдерді сынға алатыны ақиқат. Дұрыс-ақ! Содан кейін де мемлекеттік атқарушы орган жолдың сапасын бақылайтын ұлттық компанияның қызметіне жүгініп, бірлесе жұмыс атқаруды қолға алды.

Нақтылай түссек, біздің облыстағы жол құрылысы саласына жауапты мекемелер, жергілікті атқарушы органдар мен жеке мердігерлер «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалымен келісімшарт жасады. Мұндай келіссөздердің негізінде жолдың талапқа сай салынуы үшін қажетті құрылыс материалдарының сапасы алдын-ала тексерілуге алынады.

Мысалы, таяуда ғана жол салуға жауапты «ҚазАвтоЖол» мекемесі асфальт шығаратын «Ремдорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырыс берген екен. Келген тапсырысты орындау үшін «Ремдорстрой» ЖШС өз өнімдерін «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының зертханасына сынамадан өткізуге жіберді. Асфальт зауытының өткізген өнімдері тексеріліп, оның тығыздығы, суға төзімділігі, беріктігі сияқты басқа да сипаттары талапқа сай болғандықтан республикалық маңыздағы жолға пайдалануға болатыны жөнінде рұқсат берілді.

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» жол сапасын тексеретін ұлттық мекеме болғандықтан филиал қызметкерлерінің басты ұстанымы – адалдық.  Жұмыс бабындағы әрбір бақылаудың соңында адам өмірі тұрғанын филиал мамандары жақсы түсінеді. Сондықтан әрқайсысы өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Жақсы жолмен жарқын болашаққа жете берейік! 

Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды