"90 ПАЙЫЗЫ ДАЙЫН": ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ЖАҢА ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ САПАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 29.04.2020
Оқылды: 1367
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров, Талғар қаласының әкімі Талғат Нұрмолдаев бастаған жауапты мамандар жаңадан бой көтеріп жатқан мөлтекауданды аралап, құрылыстың қарқыны мен сапасын бақылап қайтты.

– Аудандағы үй кезегінде тұрған адамдардың саны артпаса, кемімек емес. Осы себепті, тұрғын үй құрылысына ерекше мән берілуде. Бүгінгі күні еңселі де сәнді көпқабатты үйлер бірнен соң бірі бой көтеруде. Айталық, үш тұрғын үйдің (120 пәтер – жалгерлік, 60-пәтер несиелік) құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың сәуір айының соңына, тағы үш тұрғын үйдің (50 пәтер – жалгерлік, 110 пәтер – несиелік) құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі мамыр айының соңына жоспарланған болатын. Бүгінгі сапарымызда құрылыс жұмыстарының 90 пайызының толыққанды аяқталуға таяу қалғанын көрдік. Бес қабатты тұрғын үйлердің ішкі әрлеу жұмыстары мен жылу, су құбырлары да толық тартылып болған. Жалпы, барлық жұмыстардың ұсақ-түйегіне дейін сапалы әрі уақытылы атқарылуына баса назар аударып, күш жұмылдыру қажет, – деген аудан әкімі ендігі кезекте мердігер компания жетекшілеріне тұрғын үй кешендерінің ауласын абаттандыруды да қарқынды жүргізуді тапсырды.

Аталған тұрғын үйлердің құрылыстарын «Гунн Стой Сервис», «Альтаир», «СтройИндустрия» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізіп жатқандығын да атай кету артық етпес.

Табиғаты көркем Талғар ауданы тұрғындарының тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында Талғар қаласында 9 қабатты 72 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын 2021 жылға бастау жоспарланғандығы да жан жадыратарлық жаңалық дер едік.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы