"ҚИМЫЛЫ ШИРАҚ": ЖЕТПІСКЕ ТАЯҒАН МЕХАНИЗАТОР ЖЕР ЖЫРТЫП ЖҮР

Уақыты: 09.05.2020
Оқылды: 1114
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биыл Шырғанақ ауылдық округі бойынша 350 гектар жерге дәнді дақыл себіледі. Бұл игілікті істі ерте бастап, аяқтап қойған шаруа қожалықтары да бар. Одан бөлек, 300 гектар жерге картоп, көкөніс отырғызылады.

Мысалы, Максим Саламатов басқаратын «Алпамыс» шаруа қожалығынында алып «К-700» тракторы жыртылған жерді тырмалап, өңдеп жүр. Жасы жетпіске таяп қалған байырғы механизатор Әбдінұр Мәсімбаевтың қимылы ширақ. Мұндай трактордың сенімді қолда, сыралғы иесінде болғаны жарасып-ақ тұр. Әбдінұр ағаның іске баулып жүрген Алтынбек Шабановтай көмекшісі де қасында.

Округке қарасты Талды ауылына баратын жолдың шетінде Ерлан Саламатов жетекшілік ететін «Руслан» шаруа қожалығы 50 гектар алқапқа арпамен қоса көпжылдық шөптің тұқымын бірге сепкен. Одан бөлек, өңірдегі Мұрат Төлегенов басқаратын «Айберген» шаруа қожалығы да көктем егісін мезгілінде сапалы аяқтауға күш салуда.

Ауыл тұрғындары да көктемгі тірліктерімен айналысып, қалыспауда. Үй жанындағы жерлерін тыңайтып, картоп отырғызуға дайындау үстінде. Тазалық, қосымша тал-терек отырғызу ісі де қолға алынған.

Қанат САТЫБАЛДЫҰЛЫ

Кеген ауданы

Алматы облысы