"АРҚАЛАЙТЫН ЖҮК АЗ ЕМЕС": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ОНЛАЙН ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 06.06.2020
Оқылды: 744
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ аймақтағы қазіргі жағдай туралы онлайн кездесу өткізіп, басқарма және мекеме басшыларының есебін тыңдады. Экономика, құрылыс, әлеумет және жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, туризм, тұрғын үй, жылумен қамту, тағы да басқа салалар бойынша қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыс жағдайымен танысты. Шараға облыс әкімнің орынбасарлары қатысып, өз салалары бойынша атқарылған жұмыс жағдайы мен алдағы жоспарын баяндады.

Жиналыс аймағымыздағы коронавирустың таралуы мен оның алдын алу барысында атқарылып жатқан жұмыс жағдайын бағамдаудан басталды. Әрине, бүгінде төтенше жағдай мерзімі бітіп, елді мекендердегі блокпостар алынып, тұрғындар кезең-кезеңімен жұмысқа шыға бастағанымен, індеттің беті толық қайтқан жоқ. Сондықтан, облыс аумағында сақтандыру шаралары әлі де сақталады.

Өңірде біраз нысан мен кәсіпкерлік саласы тұрғындарға қызмет көрсете бастағаны белгілі. Әйтсе де, кейбір саланың жұмыс бастауына эпидемияға қарсы облыстық штабтың рұқсаты бойынша ғана жол беріледі. Дегенмен, 1 маусымнан бастап карантинге енгізілген жеңілдіктерге байланысты тұрғындар арқасын кеңге салып, төніп тұрған қауіпке бейқамдық танытуда. Осы жағдайларды қатаң ескерткен облыс басшысы тиісті мекеме және басқарма басшылары мен сол салаға жауапты орынбасарларына  вирустың таралуына жол бермейтін сақтық шараларын қолға алып, жеке тұлғаларға гигеналық жағдайды сақтау керектігін тапсырды.

Елімізде төтенше жағдай жарияланып, облыста карантиндік режим енгізілгелі көптеген саланың жұмысы ақсап қалғаны анық. Әсіресе, кәсіпкерлік пен туризм саласына көп шығын келтірді. Дегенмен, бұл салаларға мемлекет тарапынан қолдау танытылып, кейбір саланың карантиндік сақтық шараларын атқара отырып, жұмысын жалғастыруына мүмкіндік берілді.

Ағымдағы жылы аймағымызда күрделі және ағымды жөндеуден өтетін нысандар, жолдар, басқа да құрылымдар жеткілікті. Осы салаларда биыл орындауға тиісті жұмыс жоспарын назарға алған облыс басшысы орын алған кейбір кемшіліктерді жайып салып, оны түзетудің жолдарын түсіндіріп, тиісті мекеме басшыларына тапсырма берді.

Айтпақшы, маусым айының ортасына қарай ішкі туризм өз жұмысын бастайды. «Алакөл» және «Көлсай» демалыс аймағы, Ұйғыр ауданындағы «Жылсу» қонақтарын қабылдады. Шомылу маусымы басталысымен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан Алакөлге ұшақ ұша бастайды. Алматы-Ақши бағытында пойыз да жүреді. Басқа да демалыс аймақтарына баратын туристердің қатары аз болмайтыны белгілі. Осындай жағдайды алдын ала ескерткен облыс басшысы тұрғындардың денсаулығын қорғап, короновирустың қаупінен сақтану үшін сақтық шараларын күшейтіп, туындауы мүмкін қиындыққа жан-жақтылы дайын болудың және оны шешудің жолдарын көрсетті.

Бір қуанарлығы, биыл облыс халқына «Жол картасы» бойынша 109,2 млрд.теңге қаржы бөлінді. Демек, осы барыстағы жұмыстар нәтижелі болса жұмыссыздық, азық-түлік тапшылығы болмайды. Оның үстіне «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-нің қолдау арнасы да азық-түлік мәселесін шешуге көп көмек көрсетуде. Аталған корпорацияның игі істерін жоғары бағалаған облыс басшысы оны алдағы уақытта да жалғастыра берудің қажеттілігін табыстады. Сондай-ақ, облыстағы елді мекендер мен Талдықорған қаласын газдандыруға қатысты жұмыстарға да тоқталды. Газдандыру көрсеткішін жоғарылатып, жұмысты жылдам әрі сапалы жүргізу қажеттілігін тапсырды.

Жиында жетістіктермен қатар, орын алған кемшіліктер де назардан тыс қалмады. Оларды бір-бірден тізіп шыққан облыс басшысы кемшіліктерге жол берген мекеме, басқарма басшыларына сын айтып, оны түзетуге уақыт берді.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы:

– Биылғы қиын жағдайда да облыс экономикасы өз қарқынын жоғалтқан жоқ. Облыс орталығында да, елді мекендерде де ірі өндірістер іске қосылып, ел игілігін арттыра түсті. Облысымыздың ел өркендеуінде маңызды орын алатыны бәрімізге белгілі. Сондықтан, биылғы қиындықты еңсеруде де біздің арқалайтын жүгіміз аз болмайды. Ендеше, қолға алған жұмысымыз бен алдағы жоспарымызды нәтижелі орындап, тұрғындардың сенімінен шығайық, – деді.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан