Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Уақыты: 25.05.2017
Оқылды: 1456
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ел өмірінде өзгеше мәні бар халықаралық көрменің ашылу салтанатына да аз уақыт қалды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, дайындықты жан-жақты пысықтап, орын алған кемшіліктерді дер кезінде түзетіп, маңызды шараға тас-түйін дайын болған жөн. Елбасы айтқандай, «Бұл жұмыстарға ел болып жұмылуымыз керек». Президенттің бұл тапсырмасы өз деңгейінде атқарылып жатқанына күмәніміз жоқ. Бұл туралы жаңалықтарды Орталық коммуникация қызметінде өтіп жатқан игі шаралардан біліп келеміз.

Осы тұста 70-ші Канн фестивалі аясында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылатынын айта кеткеніміз жөн.  Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің апталық брифингі аясында ОКҚ ресми өкілі  Оксана Лоскутова хабарлады. 
– Каннда Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады. 17 – 28 мамыр аралығында өтетін 70-ші Канн фестивалінде алғаш рет отандық киноиндустрияның өнімдері ұсынылады. Сондай-ақ, 19 мамыр күні павильонның ашылуы қарсаңында ресми қабылдаулар мен концерттер өтті. Аталған шараға елге белгілі жұлдыздар Айман Мұсаходжаева,  Димаш Құдайберген қатысып, өз өнерін көрсетеді, – деді ол.
Спикердің айтуынша, 19 – 21 мамыр аралығында қазақстандық делегация  Минск қаласында 8-ші MILEX – 2017 қару-жарақ пен әскери техникалардың халықаралық көрмесіне  қатысады. Мұнда да көрменің әлеуетін өсіретін бірқатар кездесулер өтпек.
Тағы бір айта кетерлігі, бюджеті аз еуропалық әуе компаниялары ЭКСПО – 2017 көрмесінен кейін де Астанадан тұрақты әуе сапарларын жалғастыратын болады. Оның нақты себебін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен апталық брифинг аясында ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай хабарлады. 
– ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесін өткізу уақытында Астана үшін «ашық аспан»  тәртібі енгізілді. Барлық шетелдік әуетасымал аптасына Астанаға 7 рейстен ұшу құқығын ұсынатын болады, – деді спикер. 
Мұрат Жұманбайдың айтуынша, жаңа рейстердің ашылуы шетел әуекомпанияларының коммерциялық дайындығы мен ниеттеріне байланысты. 
– Бүгінгі таңда жаңа ұшу сапарларын орындау мақсатында шетелдік әуекомпаниялар тіркеуден өтуде. Бірқатар компанияға осындай құқық берілді, – деді ол. 
«FinnAIR»  әуекомпаниясы  көрменің өткізілу уақытында Хельсинкиден Астанаға  аптасына 2 рейстен жасауды жоспарлауда. 7 маусымнан бастап «WizzAir»  әуекомпаниясы Будапешттен аптасына 2 рейс, 24 мамырдан бастап «LOT Polish Airlines» Варшавадан аптасына 4 әуе сапарын, маусымнан бастап «Air China» Пекиннен аптасына 3 рейстен жасайды.
– Егер қолға алынған «ашық аспан» тәртібі оң нәтиже беретін болса, жоғарыда аталған әуе компанияларының жұмысы көрме аяқталғаннан кейін де ұзартылуы мүмкін», – деді Мұрат Жұманбай.

Қажет АНДАС