ПРЕЗИДЕНТ УКРАИНАДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА БАЙЛАНЫСТЫ ШҰҒЫЛ ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 23.02.2022
Оқылды: 1219
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл жиынын өткізді. Бұл туралы Президенттің ресми сайты хабарлады.

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл жиынында Украинадағы жағдайларға байланысты Қазақстанның одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қарастырылды.

Президент Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың, Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың және басқа да ведомство басшыларының баяндамаларын тыңдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-саяси және санкциялық теке-тірес салдарынан ушығуы мүмкін халықаралық ахуалға шұғыл әрекет ету үшін дағдарысқа қарсы жедел шаралар жоспарын қабылдау қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы ықтимал экономикалық қауіп пен өзге де қатерлердің алдын алу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"