ӘКІМДІКТЕГІ АУЫС-ТҮЙІС. ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАҢА ӘКІМІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 30.06.2023
Оқылды: 1720
Бөлім: САЯСАТ

Жетісу облысы әкімінің өкімімен Талдықорған қаласының әкімі лауазымына Ернат Бәзіл тағайындалды. Осыған дейін бұл қызметті атқарып келген Әсет Масабев денсаулығына байланысты өз еркімен жұмыстан кетті. Жаңа әкімді облыс басшысы Бейбіт Исабаев әкімдікте басқарма басшыларының, депутаттармен халық қалаулыларының алдында таныстырды.


Өз кезегінде Бейбіт Өксікбайұлы осыған дейін халықпен тығыз байланыс орнатып, айрықша қызмет істеген Әсет Дүйсебекұлына алғысын айтып, жұмысын жақсы бағалады. Ал жаңадан қала әкімі болып жатқан Ернат Бәзіл де Жетісу жұртшылығына жақсы таныс. Осыған дейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы, жыл басынан бері облыс әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.

Ернат Дүйсенбекұлы өзіне жүктелген міндеттермен сенімді барынша ақтап, қаланың дамуы үшін күш-жігер, қажыр-қайратын аямайтындығын айтты. Облыс басшысы Бейбіт Исабаев «өткенде қала тұрғындарымен кездескенімде құрылыс, жол, жарық, газ, аялдама мәселесі бойынша көп айтылды. Осы істі басты назарда ұстау керек! Құрылыстың сапасына мән беріп, үй кезегінде тұрғандардың санын азайтуға күш жұмсауымыз қажет. Инвестиция тартып, кәсіпті өркендету үшін барымызды саламыз. Ал қаланың әдемілігі, сәулеті жөнінде жоспарлар бар. Оны да ақылдасайық» деп Ернат Бәзілге бірқатар тапсырма жүктеді.

Өз еркімен қызметтен кету жөнінде өтініш білдірген Әсет Масабаев «Жылы қабылдап, жұмыс істеуіме көмектескен қала тұрғындарына алғысымды білдіремін. Осы ретте қай істі болмасын қолдап, ақыл берген Бейбіт Өксікбайұлы өзіңізге де рақметімді айтамын. Біз қашанда шәкірітіңіз болып қала береміз» деп жылы қоштасты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"