НАРЫНҚОЛ МЕШІТІНДЕ САДАҚАҒА ЖИНАЛҒАН ҚОМАҚТЫ ҚАРАЖАТ ҰРЛАНДЫ

Уақыты: 21.04.2021
Оқылды: 1362
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Нарынқол ауылында мешіттен садақаның ақшасын ұрлаған күдікті ұсталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Райымбек ауданының полиция бөліміне Нарынқол ауылының мешіт имамы xабарласып, түнгі уақытта белгісіз адамдардың мешіттің ішіне кіріп, садақаға жиналған ақшаны ұрлап кеткені туралы айтқан. Ұрылар барлығы 150 мың теңге көлеміндегі ақшаны қолды қылған.

- Оқиға орнына шұғыл жеткен тәртіп сақшылары мешіттегі ұрлыққа қатысы бар күдіктіні - Еңбекшіқазақ ауданының 37 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, күдікті ашық тұрған есікті пайдаланып, мешітке кіріп, бөлмеден садақаға арналған ақшаны алып кеткен. Күдікті ұсынылған дәлелдерден кейін өз кінәсін толық мойындады, - деді Райымбек аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мұрат Нұрдәулетов.

Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (ұрлық) іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"