ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 24.06.2021
Оқылды: 1044
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Дана халқымыз «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан, әр адам өзін бақытты сезініп, алаңсыз өмір сүруі үшін алдымен тұрақты жұмысы, басында баспанасы болуы шарт. Үкімет халықтың осындай мүмкіндікке қол жеткізуі үшін барынша жағдай жасап жатыр. Нәтижесі көңіл қуантады. Оған Талдықорған қаласының «Болашақ» ықшамауданында жаңадан бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі дәлел. Осы ретте Полиция қызметкерлері күніне орай аталмыш сала мамандарына пәтер кілттері табыс етілді.


Жиналғандардың қуанышымен бөлісіп, ізгі тілегін арнаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ көпшілік алдына шығып, сөз сөйледі. 

– Қадірменді қауым, бүгін елде екі мереке қатар аталып өтуде. Сіздерді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етудегі қызметтеріңіз жемісті болсын! Мерекеге орай құқық қорғау органдары қызметкерлеріне 60 пәтерлі үй салынып, қолданысқа берілуде. Бұл тұрғын үй Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынды. Талдықорғанда биыл 6,7,8 шағынаудандарында және коттедж қалашығында мемлекеттік бюджет және жеке инвестиция есебінен жалпы ауданы 120 мың шаршы метрден асатын 35 көпқабатты тұрғын үй және 204 коттедждің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Осылайша мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жылдан жылға қарқын ала түсетін болады. Құрметті қоныс иелері, жаңа шаңырақтарыңыз молшылық пен бірлікке толы болсын! – деді ол. 

Жаңа шаңырақ иелерін құттықтаған облыстық полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Серік Күдебаев, «Отбасы» банк тұрғын үй жинақ банк» АҚ облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев, полиция ардагері Өмірбек Ізбасаров та ақ ниет, жылы лебіздерін жеткізді. Бұдан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары шаттыққа бөленген бір топ полиция қызметкерлеріне жаңа үйдің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Баспаналы болу бақытына ие болған Әсет Табеев, Рената Талипованың анасы Анна Рамкулова жүрекжарды тілектерін айтып, ризашылықтарын білдірді. 

Лаззат Махатұлы бастаған топ салтанатты шарадан соң жаңа үйлерге бас сұғып, жайылған ақ дастарқаннан дәм татты. Тағы бір мәрте баспана иелерінің қуанышымен бөлісіп, құтты болсын айтып тарқасты.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА