АЛАКӨЛДЕ БІРЕУДІҢ АТЫНАН НЕСИЕ РӘСІМДЕЙТІН АЛАЯҚ ТҰТҚЫНДАЛДЫ

Уақыты: 11.08.2021
Оқылды: 1081
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алакөл ауданында өзгенің атына несие рәсімдеген алаяқ тұтқындалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Алакөл ауданының полиция бөліміне 23 жастағы жергілікті тұрғын жүгініп, алаяқтық әрекеттің құрбаны болғаны жайында арызданған. Алаяқ жәбірленушінің деректерін пайдаланып, 100 000 теңге көлемінде онлайн несие рәсімдеген.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «алаяқтық» бойынша тіркеліп, іс қозғалды. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында тәртіп сақшылары 23 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті кінәсін толық мойындады. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция өз кезегінде алаяқтардың құрбаны болмас үшін ең алдымен жеке мәліметтеріңізді ешкімге бермеуге шақырады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан