"ҚАСЫМ ХАННЫҢ ҚАСҚА ЖОЛЫНАН" ҚАЗІРГІ КОНСТИТУЦИЯҒА ДЕЙІН

Уақыты: 30.08.2021
Оқылды: 1204
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әлемдегі кез келген тәуелсіз мемлекеттің ғасырлар бойы өз құнын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан заңдар жинағы болады. Солардың қатарына ел тәуелсіздігімен бірге қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын жатқызуға болады. Қысқа кезең ішінде өз Конституциясын жасап, қабылдаған еліміздің жауапты қадамы талайды таңғалдырғаны рас.

Осылайша, Қазақстан Республикасы өзінің демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екенін Ата Заңы арқылы бүкіл әлемге танытты. Ата Заңның қабылдануы конституциялық құрылыстың құқықтық негізін қалады, қоғамдық, саяси жүйенің негізгі қағидаттарын орнықтырды. Адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі. Ол дербес мемлекет ретінде ұлтына қарамастан онда тұратын барлық адамдардың еркіне сәйкес жасалды.

Ата Заңның алғы сөзінде жазылған: «Біз ортақ тарихи, тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деген сөйлемнің тамыры өте тереңде екені айтпаса да түсінікті. Себебі, Қазақстан халқының тарихи тағдырының бірлігі ел аумағында көптеген ұлт өкілдерінің жүздеген жылдар бойы бірге тұруы нәтижесінде қалыптасты. Олар әр кезеңде әртүрлі жолмен біздің атамекенімізге қоныс аударған. Бірнеше ұрпақ ауысуының барысында Қазақстанда болған саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени оқиғалардың қатысушылары мен куәгерлеріне айналды. Тіпті, елдің тәуелсіздігін бірлесе қорғап, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсетті.

Қазақстан тарихында Конституция бес рет – 1926, 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары қабылданды. Оның әрқайсысы қазақстандық мемлекеттіліктің ұлттық автономиядан толық мемлекеттік дербестікке және егемендікке дейінгі дамудың белгілі бір кезеңін көрсетеді. 1995 жылы қабылданған Қазақстанның қазіргі  Конституциясы мемлекеттік тәуелсіздіктің жаңа өрлеуін заңды түрде нығайтты. Онда бекітілген нормалар, қағидалар мен мемлекеттік институттар бүгінде тәжірибеден өтіп, табысты жұмыс істеп кетті деп айтуға болады.

Тәуелсіз мемлекет құру жұмысы аяқталды, тиімді экономика базасы жасалды, сөз бостандығы, бәсекелестік және саяси көзқарастар қамтамасыз етілуде. Осындай іргелі жұмыстардың нәтижесі және ең басты жетістігі – бейбітшілік пен келісім. Қазақстандық қоғам енді өзінің қалаған дербес жолымен жан-жақты да нық қадаммен дамып, халықтың материалдық әл-ауқатының артуына ықпал етті. Конституцияны басшылыққа алған Қазақстан халқының біріге еңбек етуінің нәтижесінде қаржы-экономикалық дағдарысқа тосқауыл қойылуда.

Қазақ хандығы алғаш құрылғанда ата-бабалар дәстүрімен қатар 1511 жылы 19 баптан тұратын Негізгі заң қабылданған. Оны қазақ «Қасым ханның қасқа жолы» деп атайды. 1690 жылы Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабылдады. Осы заңдарды қазақ даласындағы алғашқы Ата Заң десек қателеспейміз.

Бүгінгі Коституциямыздың артықшылығы – ең алдымен мемлекет ретінде жеке адамға аса құрметпен қарайтындығында. 1-бапта «...оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылса, 3-бапта «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» екендігі нақты көрсетілген.

Ата Заңда анық жазылғандай, Парламент заң қабылдайды, ал атқарушы билік қабылданған заңдарды іс жүзіне асырады. Прокуратура органдары сол заңдардың дұрыс орындалуын қадағалайды. Ата Заңның 83-бабында прокуратураның мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асыратыны, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiретіні және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыратыны нақты көрсетілген. Сол себепті прокуратура органдарына жүктелген міндеттің мәртебесі мен маңыздылығын іштей сезіне отырып, оны орындаудағы жауапкершілік жүгін әрдайым биік ұстау басты мақсатымыз екендігін айтқым келеді.

Біздің саяси, мәдени, рухани және экономикалық дамуымыздың қайнар көзі саналатын Конституциямыздың өміршеңдігі ұзағынан сүйіндіргей. Елдігіміздің айнасы – Ата Заңымыз жасай берсін!

Азамат ЖЫЛҚЫБАЕВ,

Алматы облысының прокуроры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі