КОНСТИТУЦИЯНЫҢ МАҢЫЗЫ НЕДЕ? ЗАҢ НОРМАЛАРЫ БҰРМАЛАНЫП ЖҮРГЕН ЖОҚ ПА?

Уақыты: 30.08.2021
Оқылды: 3404
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

1995 жылы қабылданған ҚР Конституциясына адамның ажырамас құқықтарына қатысты нормалар енді. Онда ел Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы саналып, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін сақтауға қатысты мүмкіндіктер қарастырылды.

Қазақстан Конституциясы заңдық, саяси және идеологиялық сияқты негізгі үш қызметті атқарады. Ондағы «бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму» қағидасын негізге ала отырып, қазақстандықтардың лайықты өмір сүруіне қатысты жаңғыртулар жүзеге асып келеді.

Осы уақытқа дейін барлық даулар конституциялық процедуралар аясында шешіліп, мемлекеттік құрылымдар арасында өзара қарым-қатынас жүйесі қалыптасты. Соның жарқын көрінісі ретінде соңғы кезде Президент өкілеттілігін билік тармақтарына бөлу мәселесін күллі ел көлемінде талқылауды, соның нәтижесінде келіп түскен 3 мыңға жуық ұсыныс пен ескертуді билік органдарының ескеруін айтуға болады.

ҚР Президентінің өкілеттіліктерін билік тармақтарына бөлуге байланысты Елбасы Үндеуінде қазақстандық басқару нысаны президенттік республика болып қала беретіні айқын болды. Сондықтан да сыртқы саясат, қорғаныс қабілеті, мемлекеттік басқару, Конституцияның мызғымастығын қорғау және мемлекеттік билік тармақтарына тиімді жұмыс істеуді қамтамасыз етудің негізгі мәселелері Президент құзырында қала береді. Оның бірден-бір себебі, Президенттің көпұлтты халықпен сайланатындығында. Сондықтан Президент халық билігінің біртұтастығын білдіреді.

Атқарушы билікке, яғни, Үкіметке көптеген әлеуметтік және экономикалық бағыттағы өкілеттіктер берілмек. Қазіргі конституциялық нормаларға сәйкес Үкімет әлеуметтік-экономикалық жаңа бағдарламаларды, бюджетті қабылдайды. Алайда оны орындауға келгенде осы мәселелерге Президент жауап беретін секілді болып қалады. Бұл мемлекеттік билік органдары арасындағы Президент өкілеттілігінің жоғары болуынан туындап, Үкімет мүшелерінің жауаптылығын кеміткендігін байқатты. Сондықтан алдағы болар өзгерістерге сәйкес Үкіметте әрбір ведомство, әрбір министрлік өздері қабылдаған бағдарламаларына жауапты болуын қарастырған жөн. Ал, Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігін күшейтуі атқарушы органдар қызметін қадағалауды үдетіп, олардың кәсібилігін арттыруға бағытталған қадамның бірі дер едім. Алдағы уақытта Үкімет, өзіне тиісті бағдарламаларды қабылдаған орган, министрлік солардың орындалу процесін, алға қойған жоспарларын, республикалық бюджеттің жұмсалуын көрсетіп, Парламент алдында есеп беруге міндеттеледі. Бұрын бұл мәселелер формальді түрде ғана жүрсе, енді өкілеттік берілмек.

Осы арада жауапкершілігі мол сот жүйесінің маңыздылығын айта кету керек. Конституциялық нормаларға сәйкес мемлекет судьялардың тәуелсіз, кәсіби және бейтарап болуына максималды қолдау жасауда.

Осынша орағытқанда айтпағымыз, ҚР Конституциясы тек қатып қалған құқықтық догма емес, қоғамға қажетті қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне дәлме-дәл жауап бере алатын құқықтық, әлеуметтік және өзге де жаңашылдықтар құрылымы екендігі.

Барлық заң салаларының құқықтық базасы саналатын ҚР Конституциясының нормалары өзге құқықтық актілер үшін өлшемдік қағида есептеледі. Сондықтан Конституцияны формальді негізде жазылған құқықтық акт деп емес, өзге заңдармен салыстырғанда ең жоғары күшке ие және өзінен төмен тұрған заңдар арқылы нақты өмірмен байланысқан жалпыға ортақ құқықтық нормалардың жиынтығы деп тануымыз керек және халық арасында солай насихаттауымыз қажет.

Алдағы уақытта бұл мәселеге зор маңыз беруді уақыт талап етуде, өйткенi, кейінгі уақытта Конституциямыздың қызметiн кейде әдiлетсiз бағалау, оның нормаларының жұмыс жасауын бұрмалайтын мәлiметтер, конституциялық нормаларға кейде құрметсiз қарау кездеседi. Осындай мәселелер бойынша объективтi және дұрыс ақпараттың болуы конституциялық ережелердi насихаттауға, тұрғындарды құқықтық тәрбиелеуге және құқықтық нигилизмдi еңсеруге сеп болары сөзсіз. Бұл өз кезегінде республикадағы конституциялық заңдылықтың нығаюына септiгiн тигiзер едi.

Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма Төрағасы – ректор