ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ КАРАНТИНДІ ЕЛЕМЕГЕН ТАҒЫ БІР ТОЙДЫ ТОҚТАТТЫ

Уақыты: 08.09.2021
Оқылды: 893
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының тәртіп сақшылары карантинге байланысты кезекті үйлену тойын тоқтатты. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Алматы облысының полицейлері карантин режимін бұзушыларды әлі де анықтауда. Облысымызда бірқатар шектеулер енгізілген, солардың қатарында бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу да бар. Дегенмен, бұл тыйымды елемейтін азаматтар қатары азаяр емес.

Қаратал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мобильді топпен бірге күн сайын азаматтардың бас санитар шығарған Қаулысының талаптарын сақтауын бақылау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізеді.

Осындай рейдтік іс-шараның бірінде Қаратал АПБ полиция қызметкерлері Үштөбе қаласында карантиндік шектеулерді бұза қызмет көрсеткен мейрамхананы анықтады. Тексеру кезінде аталған мейрамханада үйлену тойы өткізіліп жатқан.

Аталған дерек бойынша жиналған құжаттар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабы бойынша шаралар қабылдау үшін уәкілетті органға жолданды. Өз кезегінде тәртіп сақшылары азаматтарды халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында карантин режимі шарттарын қатаң сақтауға шақырады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"