ЖОЛ АПАТЫН АЗАЙТУ ҮШІН АЛДЫМЕН БАЛАЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУІМІЗ ҚАЖЕТ

Уақыты: 10.09.2021
Оқылды: 1039
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жас жеткіншектерден сауатты және тәртіпті жаяу жол жүргіншілерін тәрбиелеуіміз қажет. Ақсу ауданының полицейлері осындай тұжырыммен жол апаттарының санын азайтуды ұсынды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жаңа оқу жылында Ақсу ауданының полиция қызметкерлері жас жеткіншектерге жол жүру ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған іс-шара балалардың жол-көлік оқиғасынан жарақаттануының алдын алу, балалардың қатысуымен апаттарды азайту мақсатында өткізілді.

- Балалардың жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақаттануының алдын алу - бұл бүкіл қоғам үшін өзекті мәселе. Балаларды жолда жүру ережесін сақтауға баулуды және жолда өзін ұстау қағидаттарымен таныстыруды ерте жастан бастау қажет. Қазіргі уақытта біздің, ата-аналар мен мұғалімдердің және қоғамның басты мақсаты - жас жеткіншектерден сауатты және тәртіпті жаяу жол жүргіншілерін тәрбиелеу, - дейді Ақсу аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, полиция майоры Нұрболат Шаму.

Іс-шара барысында оқушыларға жол жүру кезінде өздерін қалай ұстау керек екендігі айтылып, жадынамалар таратылды әрі көрнекі құралдар көрсетілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"