БАЛТАМЕН ШАПҚАН: ҚАРАТАЛ АУДАНЫНДА ЖАНТҮРШІГЕРЛІК ҚЫЛМЫС ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 07.10.2021
Оқылды: 1100
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

"Қаратал ауданында жерлесін балтамен шауып өлтірді деген күдікпен 41 жастағы тұрғын ұсталды", - деп хабарлайды "Жетісу" газеті.

Алматы облыстық полиция департаменті Қаратал аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімі азаптап өлтірілген ер адамның денесі табылғанын хабарлады. Бұл факті полицияда Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлімі бойынша тіркелді. Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы ақпаратты растады. Марқұм Бастөбе ауылының 40 жастағы тұрғыны болып шықты. Кейіннен полицейлер күдіктіні де ұстады. Ол - марқұмның 41 жастағы ауылдасы. Тергеу кезінде дәлел-айғақтарды көрген соң ол өз қылмысын мойындады.

Күдіктінің айтуынша, кешкі сағат 20.00 шамасында мас кезінде екеуара жанжал шығып, содан кейін ол шағын балтамен танысын шауып өлтірген. Әуелі мәйітті жертөлеге жасырған. Бірақ түнгі 3-те велосипедке артып, иесіз ескі ғимаратқа апарып тастаған.

Күдікті уақытша изоляторға қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, бұдан басқа ақпарат құпияға жатады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"