ПЫШАҚ СҰҒЫП, АҚШАСЫН АЛЫП КЕТКЕН. ҚАНЫПЕЗЕР КӨЛІК САТУШЫ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 15.10.2021
Оқылды: 1416
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны өзіне көлік сатып алуға келген азаматты пышақтап, 10 миллион теңгесін алып кеткен. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

«Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне ауруханаға арқа тұсына сұғылған пышақ жарақаты бар 33 жастағы Алматы қаласының тұрғыны жеткізілгені туралы хабар түсті. Ауруханаға жеткен жедел тергеу тобы аталған фактіні растап, іздеу шараларын бастап кетті. Кейін сатушымен кездесу кезінде күдікті суық қару қолданып, зардап шегушіден 10 миллион теңге көлемінде ақшасын тартып алғаны анықталды», - деді Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының бастығы Жақсылық Алтынбаев.

Зардап шегуші күдіктіден Tоyota Camry-70 автокөлігін сатып алмақ болған. Кездесу және ақшаны беру Есік қаласында өткен. «Аз уақыттың ішінде қызметкерлер ер адамды анықтап, ұстады. Оны зардап шегуші мен куәгер таныды. Ол – 22 жастағы Есік қаласының тұрғыны болып шықты. Қазіргі кезде оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы, 4-бөлігі, 1-тармағы бойынша іс қозғалды. Күдікті жасаған қылмысын мойындады. Қазіргі кезде уақытша ұстау изоляторына қамалған», - деді Жақсылық Алтынбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"