Мал ұрлығына қатысы бар екі күдікті ұсталды

Уақыты: 12.07.2023
Оқылды: 633
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысының полицейлері мал ұрлығына қатысы бар екі күдіктіні “ізін суытпай” ұстады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Polisia.kz сайтының мәліметінше күдіктілерді ұстауды Ақсу ауданының полицейлері жүргізді. Оларға бір күн бұрын бұқаны ұрлау фактісі бойынша арыз келіп түскен. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер жергілікті тұрғындар болып шыққан екі күдіктіні анықтай алды.

Ұрланған мал табылып, заңды иесіне қайтарылды. Тексеру кезінде ұсталғандардың аймақтағы тағы бірнеше мал ұрлығына қатысы бар екені анықталды.

– Күдіктілер “ізін суытпай” ұсталды. Қазір олардың біздің ауданда болған мал ұрлығының 4 фактісіне қатысы бар екені анықталды. Тексеру жұмыстары әлі де жалғасуда. Бұрын ұрланған малды олар сойып, сатып жібергені анықталды. Екеуіне де қамауда ұстау бұлтартпау шарасы таңдалды, – деді Ақсу аудандық полициясының бастығы Ернар Ширбаев.

Фото: polisia.kz