ТЕКЕЛІДЕ ҚАРУ-ЖАРАҚ ПЕН ОҚ-ДӘРІЛЕР САҚТАЛҒАН ЖАСЫРЫН ОРЫН ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 14.07.2023
Оқылды: 1332
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Текелі қаласындағы тұрмыстық қалдықтар жиналған қоқыс орнында атыс қаруы мен оқ-дәрілер сақталған тықпа орын табылды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Қару сақталған орын Жетісу облысының полицейлері ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген жедел іс-шаралар барысында анықталған

«Жасырын орында қарудың бүкіл арсеналы болды. Екі тегіс ұңғылы шолақ мылтық, «Olimpic» маркалы револьвер, газ тапаншасы, түрлі калибрлі 50-ден астам патрон, оптикалық көздеуіш және аңшылық фонарь табылды», – деді Текелі қаласы полиция бөлімінің бастығы Мәулен Қасымжан.

Қару-жарақ тәркіленіп, аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабының 3-бөлімінде көзделген қылмыстық іс қозғалды.

Оптикалық көздеуіш және жорықтық фонарь 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы қаласының аңшылық дүкендерінің бірінде ұрланғаны анықталды.