Заң күшеймей зорлық жойылмайды

Уақыты: 28.10.2023
Оқылды: 876
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Өкінішке қарай, қоғамда пиғылы жаман адамдар қатары өсуде.  Екі аяқты азса, төрт аяқтыдан жаман болып  кететініне көз жеткізіп жатырмыз.  Соны байқап, қорқатын болдық.  Бүлдіршіндерге зорлық-зомбылық жасағандарды  естігенде төбе шашың тік тұрады. Бәрімізде бала бар. Мына заманда көршінің баласына да көз қырымызды салып отыруымыз керек.

Бөтен еркектің  жас бүлдіршін қызды алдап, басқа жаққа апара жатқанын байқап, аман алып қалған бейнетүсірілімді бәріміз көрдік. Мұндай жағдайда әйелдер жағы белсенділік танытуда. Жауыздар  арамызда әлі де толып жүргені анық. Балалар үйге келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Біздің кішкентай кезімізде бала сабақтан кешіксе ата-анамыз кіммен, қай жерде ойнап жүр екен деп ойлайтын. Қазір бірден телефонына хабарласып, бейнебайланыс арқылы түрін көруге асығамыз. Әлемді қорқыныш билеп тұр. Ұл-қыз хабарласпай қалса түнімен-күнімен ұйықтамайтын кездеріміз болады. Содан кейін балаларды  нашақорлыққа бейімдейтіндер бар. Желкілдеп өсіп келе жатқан жастардың өмірі бұзылып кете ме деп қорқамыз.  Оған тәуелді болса  қылмысқа да бой алдыратыны белгілі.  Сондықтан  ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған ойларын іске асыруымыз керек. Мемлекет басшысының «Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылық және қысым, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек» деген сөзі негізге алынуы тиіс. 

Психологиялық ауытқуы бар адамдар қатары өсуде. Олар қоғамдық ортада тәртіпті адам болып көрінуге тырысады. Қазақ: «Үндемегеннен үйдей бәле шығады» дегенді босқа айтпаса керек.  Бірақ, олар арам ойын алдап-арбап,  өзіне сендіріп барып іске асырады. Жастар сондай адамдардың өмірде болатынын біліп, оған қарсы тұру әдістерін үйреніп өскені дұрыс. Біз балаларды бәрі жақсы деп өсіргенімізбен пиғылы дұрыс емес адамдар құрбан етуі мүмкін. Сондықтан  ұрпағымыздың  болашағын ойласақ, бес саусақ бірдей емес екенін айтып, мысалдарды да келтіруіміз керек.  Кешкі ойын-сауық орындары мұқият қадағалануы тиіс.  Арам пиғылдылар сондай жерлерде жүреді.   Есірткі таратушылар, қыз сатушылар, зорлық көрсетушілер жемтіктерін сондай даңғаза жерден іздейді. Олардың сыбайластары да  сол жерде болуы мүмкін. Сол үшін баспасөз беттерінде, білім ордаларында, мәдени орындарында түсіндіру, алдын алу шаралары жүргізілуі тиіс. 

Жастардың бос уақытын тиімді  ұйымдастыру  керек. Бұрынғыдай жайбарақат жүруге болмайды. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Президентіміз Жолдауда  зорлық-зомбылыққа қарсы әрекетті күшейту керек деген мәселені уақытында көтерді. Біздің міндетіміз – алдын алу,  сақтандыру шараларын қоғам болып қолға алу.

Г. МҰҚАШҚЫЗЫ