"ПОЛИЦИЯҒА ДЕГЕН СЕНІМ ҚАЙДАН БОЛАДЫ?!" ГЕНЕРАЛ ДИАЛОГ ОРНАТТЫ

Уақыты: 24.10.2020
Оқылды: 1272
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев тұрғындармен кезекті рет ашық диалог орнатты. Бұл туралы аталған департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев әлеуметтік желіде онлайн қабылдау өткізіп, тұрғындар көтерген түйткілді мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Өңірдегі бас полицеймен тікелей эфирде тілдескен Сарқан ауданының тұрғыны Ж.Есіркенова тамыз айында ауласынан қолды болған велосипедті тауып, күдіктіні құрықтаған жедел уәкіл, капитан Асқар Ратов пен учаскелік полиция инспекторы, лейтенант Мұқан Абылайдың еңбегін ерекше атап өтті. «Жоғалған дүниеміз табылды. Қызметтеріңізге табыс тілеймін! Балама қуаныш сыйлағандарыңыз үшін рахмет!», - деді өз сөзінде жәбірленуші.

Тікелей эфир барысында облыстағы ішкі істер органдарының қызметіне қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Оның ішінде, облыс орталығындағы жол ережелерін сақтау, Жаркент қаласындағы орталық базар маңындағы автотұрақ, республикалық маңыздағы автожолдардағы жол қауіпсіздігі, полицияға жұмысқа орналасу және тағы басқа көптеген мәселелер сөз болды. Әрбір өтінішті мұқият тыңдаған генерал сала бойынша жауапты адамдарға тапсырмалар беріп, келесі онлайн кездесу барысында есеп беру қажеттілігін атап өтті.

- Проблема болмаса, тұрғындар хабарласпайтыны анық. Әр мәселе бойынша толыққанды шара қабылдамасақ, полицияға деген сенім қайдан болады?! Сондықтан, көтерілген мәселелерді зерделеп, арыз иелерімен хабарласып, проблема болса, шешу жолдарын қарастырыңыздар! Келесі кездесу барысында бүгін берілген тапсырмалар бойынша тыңдаймын», - деді апта сайын өтетін онлайн кездесуін қорытындылаған полиция генерал-майоры.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"