АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЕКІ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫН БҰЗҒАН

Уақыты: 21.12.2020
Оқылды: 865
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментімен бірлесіп, «Талғар аудандық қаржы бөлімі», «Алматы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті» мемлекеттік мекемелеріне және «ISKER COMPANY» ЖШС-не қатысты ҚР Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері бойынша жүргізілген тергеу амалдары аяқталды.

Тергеу барысында «Талғар аудандық қаржы бөлімі» және «Алматы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті» мемлекеттік мекемелерінің іс-әрекеттерінде Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексі 194-бабының нормаларын бұзу белгілері анықталды.

Жоғарыда аталған мемлекеттік мекемелер мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру кезінде ҚР Монополияға қарсы заңының бұзылуына жол берген. Осылайша мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері нарық субъектілері арасында адал бәсекелестіктің шектелуіне әкеліп соққан. Сонымен қатар, Алматы облысы Қарасай ауданында кірпіш өндірумен айналысатын «ISKER COMPANY» ЖШС-нің 2020 жылы кірпіш бағасын негізсіз көтергені анықталып, іс әрекетінде Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабында көрсетілген, яғни, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерiнiң белгілі бір тұтынушылар тобының заңды құқықтарына қысым жасайтын әрекеттерi анықталды.

Жоғарыда аталған деректер негізінде аталған департамент мемлекеттік мекемелердің және «ISKER COMPANY» ЖШС мекенжайына тиісті нұсқама шығарып, бүгінгі таңда заңбұзушылық бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Гүлмира НАЙМАНОВА,

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті тергеп-тексеру бөлімінің басшысы

Сурет - ғаламтордан