ИЕН ДАЛАДА АДАСЫП КЕТКЕН БАЛА: ПОЛИЦИЯ МӘН-ЖАЙДЫ АНЫҚТАДЫ

Уақыты: 23.12.2020
Оқылды: 823
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында үлкен жолдың бойында адасып жүрген бала жайлы мән-жай толық анықталды. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің өкілдері түсініктеме берді.

«Тексеру барысында анасы баласымен бірге көрші шаруа қожалығына келген және бес жасар ұлын көлікте қалдырған. Бала анасын күтпей, жолға шығып кеткен. Оны өтіп бара жатқан өзге көліктің жүргізушісі байқап, бейнежазбаға түсіріп, желіге жүктеген. Содан кейін анасын тауып, баласын аман-есен қайтарған. Қазіргі уақытта бала анасының қасында. Ювеналды полиция Әкімшілік кодекстің 127-бабына сәйкес «ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауы» дерегі бойынша баланың анасын жауапқа тарту туралы мәселені қарастыруда», - делінген Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан мәліметте. Сондай-ақ, Алматы облысының полициясы баланы жалғыз қалдырмаған ер-азаматты марапаттайтындарын жеткізді.

- Алматы облысы полиция департаменті жол бойында баланы тауып алған қырағы жүргізушіге ризашылығын білдіреді және жақын арада оған белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтпақ, - деді полиция департаментінің баспасөз хатшысы С.Үпиев.

Естеріңізге сала кетейік, белгісіз ер азамат жолдың бойынан кішкентай ұл баланың жүргенін байқап, оны бейнежазбаға түсіріп, ата-анасын табуға көмек сұраған болатын. «Ақши база жақтан келе жатырмын. Жолда келе жатып, трассадан бала тауып алдым», - дейді бейнежазба авторы баланы көрсетіп. Сондай-ақ, ол баладан ата-анасының қайда екенін сұрайды. «Ана жақта», - деп бала жауап береді. Қазіргі таңда бала аман-сау, отбасымен бірге.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"