БІТІМГЕРШІЛІКПЕН АЙНАЛЫСҚАН ӘСКЕРИЛЕРГЕ НАГРАДА ТАБЫС ЕТІЛДІ

Уақыты: 25.12.2020
Оқылды: 1020
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі, Ливан Республикасындағы бітімгершілік миссиясын орындау кезіндегі жетістіктері және кешенді бітімгершілік оқу-жаттығуын өткізу барысындағы жоғары кәсібилігі үшін қазақстандық бітімгершілік полкінің бірқатар әскери қызметшілері мемлекеттік наградалармен марапатталды.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденін қазақстандық бітімгершілік полкінің командирі, полковник Бақытжан Жетпісов пен полк командирінің орынбасары, майор Жігер Аипов иеленді. Олар "Әскер тарланы" байқауының қорытындысы бойынша үздік бітімгер деп танылды. III дәрежелі «Айбын» орденімен қазақстандық бітімгершілік полкінің жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының сержанты, 3-сыныпты сержант Ержан Садырбаев марапатталды.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі штаб бастығы – 26363 әскери бөлімі командирінің орынбасары, капитан Арман Төлеутаев пен бітімгершілік полкі оқу ротасының командирі, капитан Эльдар Шаймерденовке тапсырылды.

Өткізілген кешенді бітімгершілік оқу-жаттығулардың қорытындысы бойынша қазақстандық бітімгершілік полкінің жеке құрамын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы жоғары бағалағанын ерекше атап өткен жөн.

Қазақстанда мұндай оқу-жаттығулар алғаш рет өткізілді. Оқу-жаттығуларға 1000-нан астам әскери қызметші, десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Әскери-әуе күштерінің, әскери полицияның, әскери медициналық мекемелердің, бітімгершілік дайындық орталығы мен минасыздандыру орталығының 100-ден астам жауынгерлік және арнайы техника жұмылдырылды.

М.МАҚАШЕВА,

майор,

Қапшағай гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы