АҚСУ АУДАНЫНДА ДҮКЕНДІ БҰЗЫП КІРГЕН ҰРЫ ҚЫЛМЫС ҮСТІНДЕ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 25.12.2020
Оқылды: 1157
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ақсу ауданының полицейлері дүкенге ұрлыққа түскен күдіктіні қылмыс орнында құрықтады.

І.Жансүгіров кентінде ұялы телефон сататын дүкенге ұрлыққа түскен 40 жастағы тұрғын оқиға орнында құрықталды. Оның бірнеше ұялы телефонды және өзге де құнды заттарды қолды қылғаны анықталып, айғақзаттар тәркіленді.

- Түнде кезекші бөлімге дүкен иесі телефон шалып, дабыл қоңырауы хабар бергенін айтқан. Жедел тергеу тобы оқиға орнына жеткенде күдікті азамат дүкеннен шығып, бой тасалауға тырысқан. Сол жерде ұсталған күдіктіден айғақзаттар алынып, іс материалдарына тіркелді. Дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды, - деді Ақсу ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Әділмұрат Байзолда.

Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. «Осы тұста, үйлерге, дүкендерге және өзге де құрылыстарға дабыл қоңырауын орнатудың артықшылығын атап өткім келеді. Өйткені, дүкен иесінің ұқыптылығының арқасында оның мүлкі аман қалып, біреудің жымысқы ойы іске аспады. Сондықтан, тұрғындардың барлығын өз мүлкінің, дүниесі мен малының амандығы үшін сақтық шараларын қабылдауға шақырамын», - деп толықтырды Ақсу аудандық полиция басшысы Әділмұрат Байзолда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан