ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІМІЗДІ НЫҒАЙТУ - ЕЛ БОЛАШАҒЫ ҮШІН АСА МАҢЫЗДЫ

Уақыты: 26.12.2020
Оқылды: 1128
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасының әскери бөлімдері мен әскери оқу орындарының курсанттарына, мерзімді әскери қызмет өткеретін жас жауынгерлерге дұрыс тәлім-тәрбие беру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Себебі, қазіргі геосаяси жағдайдың әскердің бойындағы патриоттық сезімге қарай қалыптасатынын көзіміз көріп отыр.

Расында, әскери оқу, саяси-тәрбие жұмыстары қатардағы жауынгерлердің күш-қайратын, ерік-жігерін ұштап, табандылыққа үйретеді. Тіпті, әскери қызметтің ауыртпалығына төзімді болуға, батыл да белсенді қимылдауға даярлайды. Сондықтан, тәуелсіз мемлекеттің ерік-жігері мол, кез келген жағдайда өзін-өзі қорғай алатын, ер қорғаны болатын, жүрегінде Отаным деген патриоттық сезімі басым жас жауынгерлерін дайындап шығару маңызды қадам саналады.

Жалпы, мерзімді әскери қызметке барған әр әскери қызметкер еліміздің жас сарбаздар буынына кіреді. Оларды оқытатын, тәрбиелейтін, жауынгерлік өнерге бейімдейтін әскери бөлімдердің офицерлері мен сержанттары. Әскери өмірде қағиданы қатаң ұстап, жарғыда көрсетілген талаптарға сай жүріп-тұруға тура келетіні жасырын емес.

Мұның бәрі азаматтық өмірге қарағанда өзгеше көрінуі мүмкін. Өйткені, әскердегі адам өз бетімен жүріп-тұрып, ойына келгенді жасай алмайды. Уақытпен жүріп-тұру, бұйрық пен тапсырманы уақытында орындау, көп жаттығу, төзімділік пен шыдамдылыққа бейімделу ұзақ уақытты қажет етеді. Әскери білім алудан бөлек, жауынгерлер әртүрлі қару-жарақты меңгеру, тактикалық сызба жасау, қорғаныш шаралары, жарғы талаптарын орындау сияқты оқу-тәрбие жұмыстарынан өтуі тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, бозбаланың өмір мәнін түсініп, ер-жігітке айналуы керек.

Еліміздің жоғары оқу орындарының қатаң талаптарын орындап, арнайы мамандық алып шығу әрбір азаматтың арманы екендігі белгілі. Сол сияқты әскери білім алып, курсант атанғысы келетіндер үшін әскери кафедралар немесе арнайы әскери институттар бар. Әрқайсының беретін тәлім-тәрбиесі терең ондай әскери оқу орындарының ортақ міндеті – курсанттарды әскери өнерге үйрету мен әскери қағидаларды меңгеруге көмектесу.

Әскери борышын өтеуді парыз санайтын жастардың көбейіп, жоғарғы оқу орындарына түсуі, Қарулы күштерімізді нығайту - ел болашағы үшін аса маңызды. Сол себепті, өскелең ұрпақтың жаман жолға түспей, білікті де білімді болуы, ел қорғанына айналуы өте қажет. Оларды баулып, ер-азамат ретінде тәрбиелеп, оқытуға ҚР Қарулы күштері мен әскери оқу орындары үлес қосады.

Дидар ЗАМАНБЕКОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясының алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Сурет - ғаламтордан