АҚСУ АУДАНЫНДА КАРТАДАН ҰТЫЛЫП ҚАЛҒАН ЖІГІТ ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАДЫ

Уақыты: 26.12.2020
Оқылды: 1284
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ақсу ауданында қайғылы жағдай болды. Жансүгіров кентінің 22 жастағы тұрғыны өз-өзіне қол жұмсады. Алайда марқұмның достарымыз деп өздерін таныстырған бір топ адам түн ортасында Ақсу аудандық әкімдігіне жиналып, өлімге итермелегендер бар екенін айтып, наразылық білдірді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Аталған оқиғаға қатысты жазба Whatsap желісі арқылы тарады. Болған оқиғаны Ақсу ауданының әкімдігі растады.

"Ақсу аудандық полиция бөлімінің кезекшілігіне 1998 жылы туған, үйленген ер азаматтың өз үйіндегі гаражда асылып өлгені жайлы хабарлама түсті. Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 1-бөлігі, 105-бабы бойынша тіркелді. 25 желтоқсан күні, түнгі сағат 1:05-те Ақсу аудандық әкімдігінің алдында марқұмның достарымыз деген 80-ге жуық ер адам жиналды", - делінген хабарламада. Әкімдікке жиналғандар Ақсу аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасарларын атап, оларға тиісті шара қолдануды сұраған.

Жиналғандардың айтуынша, 23 желтоқсан күні түнде аудандық полиция бөлімінің лауазымды қызметкерлері марқұммен карта ойнаған. Карта ойынында полиция өкілдеріне 300 мың теңге қарыз болып қалған жігіт ертеңінде өз-өзіне қол жұмсаған. Әкімдікке келгендер лауазымы жоғары полицейлер картада ұтылған жігітті өлімге итермеледі деп санайды. Тіпті, полицейлер қарыз ақшаны әкеп беру туралы талап қойып, уақытты да белгілеп, қоңырау шалған көрінеді.

Хабарламада өз талаптарын жеткізген тұрғындар аудандық әкімдіктің мәжіліс залына кіргені, онда Ақсу аудандық прокуратурасына ұжымдық арыз жазылғаны, полиция бөлімі басшысының орынбасарларын жұмыстан босату талабы қойылғаны, жиналғандармен Ақсу ауданының әкімі, аудан прокуроры бастаған қызметкерлер сөйлескені жайлы жазылған.

Алматы облысының полиция департаменті аталған жайтқа қатысты қазірше ресми ақпарат ұсынған жоқ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан