ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫНАН 5,6 КЕЛІ ЕСІРТКІ ЗАТЫ ТӘРКІЛЕНДІ

Уақыты: 27.12.2020
Оқылды: 870
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талғар ауданының тұрғынынан 5 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Бұл жайында "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Талғар аудандық полиция қызметкерлерімен бірлесіп, есірткі заттарын сақтау деректерін анықтауға бағытталған жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді.

Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Талғар ауданы Қарабұлақ ауылындағы тұрғын үй-жайды санкцияланған тінту барысында 43 жастағы жергілікті тұрғыннан сараптама «гашиш» есірткі заты деп таныған өсімдік тектес заты бар 4 пластикалық шөлмек табылып, тәркіленді. Зерттелген заттың жалпы салмағы 4 кг 956 грамм.

Қызметтік іздестіру итінің көмегімен тұрғын үйді тінтуді жалғастыру кезінде сарайдағы газ плитасынан тәртіп сақшылары спецификалық иісті, жасыл түсті зат бар 2 пакетті тапты. Аталған зат сарапшылардың қорытындысы бойынша «гашиш» есірткі  заты болып танылды. Екі пакеттің салмағы 722,40 грамм. Осылайша, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 5 кг. 678,4 граммды құрады.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы, 4-бөлігі «Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бойынша тіркелді. Күдіктіге сотқа дейінгі тергеу кезеңінде күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"