ПОЛИЦИЯ ӨКІЛДЕРІ ҚЫЗМЕТТЕ ҚАЗА БОЛҒАН ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ОТБАСЫНА БАРДЫ

Уақыты: 29.12.2020
Оқылды: 820
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ескелді ауданының полицейлері сыйлықтар алып, қайтыс болған әріптестерінің балаларына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұл туралы "Жетісу" газеті полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ескелді ауданы полиция бөлімінің басшылығы мен жеке құрамы тәттілер мен естелік сыйлықтар алып, қызметкерлердің балаларын құттықтады. Полиция басшылығы, Аяз ата мен Ақшақар бастаған топ мерекелік құттықтауларды қайтыс болған әріптестерінің үйлерінен бастады.

- Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақыл бар. Біз бүлдіршіндерді құттықтау рәсімін өзіміздің әріптесіміз болған, қазір арамызда жоқ қызметкерлердің отбасыларынан бастауды жөн көрдік. Олардың балаларына тәттілер, ал жұбайына гүл дестесін табыстадық. Әке жолын жалғайтын өжет ұлдардың ер жетіп келе жатқанына қуандық. Жаңа жыл құтты болсын, - деді Ескелді ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Нұрлан Солтубеков.

Аяз ата мен немересін ерткен полицейлер 2017 жылы қайтыс болған табиғат қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Ермолдин Саят пен биыл өмірден өткен әріптесіміз, балалар ісі жөніндегі инспектор, капитан Рахметов Қуаныштың көпбалалы отбасына барып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Бұл бір реттік шара емес. Біз арамыздан кеткен әріптестеріміздің отбасыларына қолдан келгенше қолдау көрсетуге тырысамыз. Балалардың жүзіндегі қуаныш пен күлкі барлық қиыншылықты ұмыттырып жібергендей болды», - деп толықтырды майор Нұрлан Солтубеков.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"