АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯСЫ ЖАҢАЖЫЛДЫҚ ЕРЕКШЕ СЫЙЛЫҚТАР ТАРАТТЫ

Уақыты: 31.12.2020
Оқылды: 1120
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы полиция департаментінің Аяз атасы өз қызметкерлерінің отбасыларына сыйлықтар таратып, қариялардың алғысына бөленді. Сондай-ақ, Жаңа жыл мерекесіне орай Алматы облысының тәртіп сақшылары аз қамтылған мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасап, балаларды қуантты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облысының полиция департаменті Жаңажылдық мерекесіне орай балаларды қуантып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды жалғастыруда. Бүгін облыстық кадр саясаты басқармасының қызметкерлерін ерткен Аяз ата мен Ақшақар қызметкерлердің үйлеріне барып, балаларына тәттілер толы дорбаларды табыстады.

Жаңа жылдың сиқырына сенер-сенбесін білмейтін бүлдіршіндер Аяз атаға тақпақтарын айтып, сыйлықтарын алды. Немерелеріне қуаныш сыйлаған қызметкерлерге риза болған қариялар полиция басшылығына алғыстарын білдірді.

- Жаңа жыл құтты болсын! Мерекелік сыйлықтар үшін облыстық полиция департаментінің басшылығына және қызметкерлеріне көп рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын! Отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін, - деді Талдықорған қаласының тұрғыны Дүйсенбай Үпиев.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы облысында полицейлердің мереке қарсаңында көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасыларға, балалар үйіне және қаза болған әріптестерінің үйлеріне барып, сыйлықтар табыстап, көмек көрсеткені еді.

Солардың бірқатарына кеңінен тоқталып өтсек. Мәселен, Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әлішер Тұрсынбетов бастаған полиция қызметкерлері Талдықорғандағы "Қамқор" медициналық-әлеуметтік мекемесінің тәрбиеленушілеріне барды. Медициналық мекемеде психоневрологиялық аурулармен ауыратын балаларға көмек көрсетіледі. Соңғы бірнеше жыл бойы полиция қызметкерлер бұл балаларды өз қамқорлығына алған болатын.

- Тәрбиеленушілер арасында спортшылар мен түрлі зияткерлік ойындарға қатысушылар өте көп. Біз талай рет балалардың түрлі жарыстарда жеңіске жеткеніне куә болдық. Біз балалардың жетістіктерін, олардың қол жеткізген жеңістерін мақтан етеміз және өмірге деген ұмтылысына, ерік-жігеріне қызығамыз. Бұл, әрине, тәрбие жөнінде үлкен жұмыс жүргізетін мұғалімдер мен тәрбиешілердің сауатты құрамының ерен еңбегі. Мен олардың ең биік армандары орындалсын деп тілеймін, - деді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әлішер Тұрсынбетов.

Жаңа жылдық ертеңгілікте балалар қонақтарға мерекелік концерт көрсетті. Ал полицейлер «Қамқор» үйінің тәрбиеленушілеріне жаңа жылдық сыйлықтар мен тәттілер сыйлады. Сондай-ақ, Қаратал ауданы полициясының басшылығы мен қызмет жетекшілері Жаңа жылдық мереке қарсаңында әлеуметтік қолдауға мұқтаж аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.

Тәртіп сақшылары көмек көрсеткен екі үйдегі балалардың әкелері жоқ, толық емес отбасылар. Олардың әрқайсысында жалғызбасты ана тәрбиесінде 2–5 бүлдіршін бар. Қаратал ауданының тәртіп сақшылары карантиндік іс-шаралар тәртібіне сәйкес барлық сақтық шараларын қадағалай отырып, аталған отбасыларға азық-түлік себеттерімен қатар балаларға жаңажылдық сыйлықтар табыстады. Полицейлердің мерекеалды сыйлықтарына дән риза болған балалар мен аналар құқық қорғаушыларға көмек көрсетіп, көңіл бөлгендері үшін алғыс айтты және қиын да жауапты жұмыстарына табыс тіледі.

Ал Ақсу ауданының полицейлері мүмкіндігі шектеулі балаларды құттықтады. Полиция қызметкерлері Жаңа жыл қарсаңында Ақсу ауданындағы мүгедек балалары бар отбасыларға барды. Бірінші топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға сыйлықтар табыстап, қуаныш сыйлады. Сыйлықтар қатарында балаларға арналған тәттілерден өзге қажетті азық-түлік, ұн, қант, жарма, түрлі макарон өнімдері, көкөністер мен жемістер болды.

- Біз мүгедек балалары бар отбасыларға барып, оларға түрлі сыйлықтар, оның ішінде жаңа жылдық тәттілер табыстап мерекелік көңіл-күй сыйладық. Бұл балалар үшін өте маңызды. Бұл іс-шара полицейлер үшін жақсы дәстүрге айналып үлгерді. Ақсу АПБ жеке құрамы әрдайым мұқтаж жандарға көмек қолын созуға дайын. Біз алдағы уақытта да бұл игі істі жалғастыруға ниеттіміз, - дейді Ақсу АПБ бастығы, полиция подполковнигі Әділмұрат Байзолда.

Панфилов  ауданы полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлері мереке қарсаңында әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы жалғыз басты анаға көмір жеткізіп, кішкене бүлдіршіндеріне жаңа жылдық тәттілер сыйлады. Айта кететін жайт, Панфилов ауданының полиция бөлімі аптасына бір рет игі шара ұйымдастыру бастамасын қолға алған.

- Осынау аязды күндері  қыстық отынсыз көңілдері кіреукеленген отбасыға мерекелік көңіл-күй, балалардың жүзіне күлкі сыйлай алғанымызға өте қуаныштымыз. Жаңа жыл қарсаңындағы мерекелік көңіл-күйді барынша көп бүлдіршін сезінсе дейміз ,- дейді Панфилов АПБ бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Жандос Кавлиев.

Мұндай сауапты іс Кербұлақ ауданында да жалғасты. «Біз 3 отбасыға барып, сыйлықтар табыстадық. Оның бірі – бес баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Көпбалалы және көмекке мұқтаж болса да, бұл отбасындағы балалардың тәрбие және оқу көрсеткіштері өте жақсы. Балалар тәртіп сақшыларының дос екенін және тәртіпті бұзуға болмайтыны туралы жете түсініп, дұрыс тәрбие алуы қажет», - деді Кербұлақ ПБ бастығының орынбасары Алмас Бекеев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"