НОУТБУК ҰРЛАҒАН ЖІГІТ АУЫЛДА ЖАТҚАН ЖЕРІНЕН ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Уақыты: 01.01.2021
Оқылды: 1177
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ескелді ауданындағы әкімдік ғимаратынан компьютерлік техниканы ұрлаған күдікті ұсталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Полицейлер ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен Алматы облысының тұрғынын ұстады. Ескелді аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне Қарабұлақ ауылының әкімшілік ғимаратынан ноутбук пен принтердің ұрланғаны туралы хабарлама түсті. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді.

Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы кабинетке кіру үшін күрек және багр сияқты өрт сөндіру құрал-саймандарының көмегімен есікті бұзғанын анықтады.

Қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тергеушілер бір тәулік ішінде ізін суытпай Ескелді ауданы, Өрқусақ ауылының 21 жастағы тұрғынын ұстады. Полицейлер оның үйіндегі шифоньерден ұрланған ноутбук пен принтерді тәркіледі.

Ұрлық жасағанын мойындаған күдіктінің қылмыстық тәжірибесі бар екені белгілі болды. 2020 жылғы тамызда ол ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 3-бөлігінің 3-тармағына сәйкес осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін Талдықорған қалалық соты оған 2 жыл, 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын кескен.

Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу барысында ұсталған тұрғынның өңірдегі орын алған басқа да ұрлықтарға қатысы бары тексерілетін болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"