ИНТЕРНЕТТІҢ "ГҮЛІ" БОЛАМЫЗ ДЕГЕН ЕКІ АЗАМАТҚА ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 05.01.2021
Оқылды: 966
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еңбекшіқазақ ауданында пранк жасаушылар жауапқа тартылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап мәлімдеді.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында автокөлікке зақым әкелген бейнежазба анықталған болатын. Тексеру барасында оқиға Есік қаласында 2021 жылғы 4 қаңтарда орын алғаны анықталды.

Аталған дерек бойынша полицияға ешкім арыз түсірмегенімен, Еңбекшіқазақ ауданының тәртіп сақшылары дерекке тексеру ұйымдастырды. Дерек расталып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін Алмалы ауылының 21 жастағы тұрғыны және «Фольксваген Пассат» автокөлігінің иесі, Есік қаласының 26 жастағы тұрғыны ұсталды.

Оқиғаға қатысушылар алдын ала келісіп, әлеуметтік желілердегі жұрттың назарын аудару мақсатында қоғамдық тәртіпті бұзуға әкелген әрекеттерге барған.

Ұсталғандардың айтуынша, істеген әрекеттеріне өкінеді. Олар тек парақшаларына жазылушылардың санын арттырып, сосын көліктің әйнегін жөндегілері келген. Құқықбұзушыларға ҚР Әкімшілік кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, шешім қабылдау үшін материал сотқа жолданды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"