МАС КҮЙІНДЕ КӨЛІК БАСҚАРҒАН ЖҮРГІЗУШІГЕ ҚАТАҢ СОТ ҮКІМІ ШЫҚТЫ

Уақыты: 06.01.2021
Оқылды: 751
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғанда масаң күйде қайта көлік жүргізген жүргізуші үш жылға сотталды. Сонымен қатар, ер адам өмір бойы көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

2018 жылдың 23 мамырында Алматы облысы Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен К.есімді азамат  ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 608-бабы, 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны, яғни, мас күйінде көлік құралын жүргізгені үшін үш жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылған.

Тиісті қорытынды жасамаған К.есімді азамат көлік құралын басқару құқығынан айырылса да, масаң күйде көлігімен Талдықорған қаласындағы Медеу көшесімен келе жатып, Қазақстан Республикасының жол ережесін өрескел бұзып, М.есімді азаматтың автокөлігіне соқтығысқан. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы, 2-бөлігі бойынша тіркелді.

Талдықорған қалалық сотының шешімімен аталған азаматқа көлік құралдарын жүргізу құқығы өмір бойына тоқтатылды. Сонымен бірге, шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Полиция барлық жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға және алкогольдік ішімдік ішпеуге шақырады, себебі, бұл әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Жол қозғалысы қатысушыларына қауіп төндірмей, өмірлеріңізді сақтаңыздар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан