РУХАНИ ЖАҢҒЫРУҒА ҚАТЫСЫ ЖОҚ ШАРАЛАР ШАРШАТАДЫ

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1243
Бөлім: ТҮПСАНА

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бәрімізге белгілі Елбасы мақаласының халық үшін маңызы жоғары. Мәні зор мақаланың мұқым елге тарағанына да он айдан асты. Аз уақыттың ішінде атқарылған іс те ауыз толтырып айтарлық. Десек те, онда көрсетілген міндеттерді әлі де жеделдете жүзеге асырып, тарихи құндылықтарымызды қайта түгендеуіміз қажет. Қуантарлығы сол, Рухани жаңғыру аясындағы тағылымды шаралар бойынша Алматы облысы алда келеді.

Кеше ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында өз ойын осылай өрбітті. Министрлермен, өңір басшыларымен өткізген жиында аталған бағдарламалық мақаланың негізгі бағыттары бойынша атқарылған істер таныстырылды. Алдымен сөз алған ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Оңдасын Оразалин Рухани жаңғыру бойынша құрылған бағдарламаның негізгі басымдықтарын сөз етті. Ерекше атап өтетін жайт, Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен бағдарлама шеңберінде «www.ruh.kz» порталы ашылған. Порталда ел көлеміндегі ең маңызды форумдар, 100 жаңа есім, киелі жерлер туралы ақпараттар беріліп, жоғары бағаланған шығармалар жарияланады, осы бағытта бейнематериалдар жүктеледі. Сонымен бірге, биыл республика көлемінде тағы 2800 іс-шара жоспарланып отыр.
Оңдасын Сейілұлының сөзіне сүйенсек, өкінішке қарай, бүгінде Рухани жаңғыруға ешбір қатысы жоқ шаралар да өткізіледі. Сондықтан, оны ұйымдастыратын адамдардың жауапкершілігін күшейту керек. Бұл ескерту бұған дейін де айтылған. Нәтижесінде, өңірлердегі әкімдер «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға белсенді араласа бастаған. Мұндай кемшілікті Елбасы да атап көрсеткен. Бүгінде өткізілетін шаралардың мазмұны мен сапасына өзгерістер енгізілді.
Ұлттық комиссияның отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндама жасап, Қазақстанның киелі жерлері бойынша жүзеге асып жатқан жұмыстарды алға тартты. Министр бұл бастама тұңғыш рет қолға алынып отырғандықтан, киелі жерлердің тізімін жасау оңайға соқпағанын жеткізді. Соңғы жеті айдың ішінде әр өңірде жұмыс тобы құрылып, танымдық саяхаттар ұйымдастырылған. Нәтижесінде, облыстар мен қалалардағы киелі нысандардың қайта тізімделіп, маңыздылығы мен тарихи деректері бойынша есепке алынды. Мәселен, бір ғана Алматы облысында 41, ал Алматы қаласында 9 киелі жердің нысандары анықталған. Бұдан бөлек, бүкіл әлемді қамтыған «ВВС», «National Geografic», «Viasat History» және «Discovery» телеарналарынан бағдарлама аясында түсірілген «Күлтегін» деректі фильмі көрсетілмек. Бұл фильм 700 миллион адамды қамтиды. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде «Туған жер» бағдарламасы таныстырылып, артықшылықтары талқыланған.
Жиында сөз алған ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева әдебиеттің проза мен поэзия саласы бойынша 30 автордың туындысы ағылшын тіліне тәржімаланып жатқанын, театр мен телеарналарда жүзеге асып жатқан жаңа жобаларды айтып өтті. Елбасы мақаласы жарық көргелі еліміздің маңдайалды 7 шығармашылық ұжымы Еуропа мен Азияны аралап, қазақ музыкасы мен өнерін танытып қайтқан. Отырыста ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев та баяндама жасап, бағдарлама жайлы қысқаша есебін берді.
Онлайн режимде өткен отырыста өңірлерден бірінші болып Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа сөз ұсынылды. Өңір басшысы Елбасы мақаласы шыққан он айдың ішінде 200 шақты жоба қолға алынғанын, оған 1 миллионнан астам адам қатысқанын алға тартты. Оның ішінде, облыста «Рухани керуен» атты жаңа жоба ұйымдастырылып, өңір мен республикаға белгілі тұлғалар аудан-аудан, ауыл-ауылды аралап, кездесулер өткізген. Жоғары оқу орындарында да Қоғамдық сананы жаңғырту бағыты бойынша «Жетісудың тарихы» атты курс ашылған. Қалталы кәсіпкерлер, меценаттар 218 әлеуметтік жобаға қол ұшын созған. Облыс әкімі бір ғана Қарасай ауданында «Батыр бабалар» мемориалды музейі, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ашылғанын және мүмкіндігі шектеулі жандарға 17 үй берілгенін алға тартты. Тағы да атап өтер болсақ, «BBC» телеарнасынан Жетісу туралы бейнематериал көрсетіліп, ұлттық биіміз бен құндылықтарымызды насихаттайтын бастамалар жүзеге асқан. Жыл басында «Жетісу 360» виртуалды музейі іске қосылған. Меценаттардың көмегімен «Орбұлақ», «Жаңалық» секілді тарихи орындар қайта жаңғыртылып, сауықтыру кешендері бой көтермек. Бұдан кейін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сөз алып, өз өңіріндегі Рухани жаңғыру бағытында атқарылған істерді әңгімеледі.
Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов:
– Рухани жаңғыру бағдарламасы шеңберінде журналистерге берілетін «Самғау» сыйлығы бізден өзге ешбір өңірде жоқ. Бұл – үлкен жоба. Тағы бір ескеретін жайт, 100 есімді пысықтап алуымыз керек. Елдос Баялышбаевтан бөлек, тағы да бір ел аузында жүрген адамдарды іздестіргеніміз жөн. Оның жас болуы міндетті емес, – деді. Сондай-ақ, Ескелді би, Көтен тәуіп сынды киелі нысандарды насихаттап, жаңғырту жұмыстарын жалғастыру керектігін жеткізді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР