БАТАМЕН ЕЛ КӨГЕРЕДІ

Уақыты: 21.11.2018
Оқылды: 1373
Бөлім: ТҮПСАНА

   Талдықорған қаласындағы К. Ушинский атындағы №7 орта мектептің 4-сынып оқушылары Ілияс Жансүгіров әдеби мұражайының ұйымдастыруымен өткен шараға қатысып, ақсақалды аталар мен ақ жаулықты аналардың ақыл-кеңесін тыңдап, көңілдеріне сәуле құйып қайтты.

 

   Алдымен балалар мұражай меңгерушісі Нұргүл Жауынбаеваның бастауымен  құнды жәдігерлермен танысты. Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат алды. Сондай-ақ, ақын тұтынған заттар мен қолданған бұйымдарды, жазуға қатысты құралдар мен баспадан шығарған кітаптарды тамашалады. Осыдан кейін  оқушылар мұражайдың жиынжайында қарттармен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті.
   Кездесуге Текелідегі қарттар үйінен Валентина Андреянова, Қадыржан Таменов, Дмитрий Альховский сынды қонақтар шақырылды. Өмірдің сан саласында жемісті еңбек етіп, қартайғанда тағдыр сынына тап келген қамкөңіл қарттар өткен өмірінен сыр шертіп, оқушыларға қайсар, қайырымды, ізгі жүректі, жомарт пейілді болудың жолдары туралы ақыл-кеңестерін айтты. Есесіне оқушылар арасынан суырылып шыққан Арнұр Тұрсынбайұлы, Таймас Бауыржан, Құмар Ақниеттер ән шырқап, Заңғар Олжабай, Айгерім Құдайберген,  Бағзор Өнімбай тақпақ айтып, білімділігін көрсетуге тырысты. Олардың сый-құрметіне бөленген қарттар көзіне жас алып, батасын берді. «Батамен ел көгереді» дегендей, мұны жақсы ырымға баладық. Қысқасы, кездесу керемет көңілді өтті. 
Әкем біреу, анам да біреу  менің,
Мен жығылсам сүйенер тіреулерім, 
– деп Фариза апамыз жырлағандай, қарттарды аялап, сыйлау – әр қазақ баласының міндеті. «Біз өткенге құрмет ете алсақ, болашақ та бізді әлпештейтін болады» деген ойды оқушылар санасына жеткізе алғанымызға қуандық.

Анар АХМЕШОВА,
К. Ушинский атындағы 
№7 орта мектептің 
бастауыш сынып мұғалімі
Талдықорған қаласы