"ІЛИЯС РУХЫМЕН ТЫНЫСТАП ТҰР": Амандық БАТАЛОВ ӘДЕБИ МАҚАЛА ЖАРИЯЛАДЫ

Уақыты: 09.10.2019
Оқылды: 2167
Бөлім: ТҮПСАНА

Тәуелсіздік жылдары тарихқа деген бұрынғы таным-түсінік ескіріп, ұлттық мүдде тұрғысындағы соны көзқарас қалыптаса бастады. Жоғалтқанымызды түгендеуге, өткенімізге қатысты тың деректерді шаң басқан архивтерден ақтарып, аршып алуға, ақтаңдаққа айналған асыл тұлғалардың ел үшін атқарған ерен еңбектерін танып-білуге бағытталған шаралар қауырт қолға алынды. Осы шақта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Халқының басына түскен тауқымет қабырғасын қайыстырып, сол жолда басын бәске тігіп, қасықтай қанын аямай, шыбын жанын шүберекке түйген өр тұлғалардың тағдырын танытатын да, ұрпаққа өнеге етіп, алдына тартатын да – тарих», – деген еді.

Расында біздің тарих ақтаңдақтарға толы. Соның ішінде әдебиетіміздің үш алып бәйтерегі Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіровтің өмір жолы, шығармашылық қайнары, әдеби-әлеуметтік болмыс-белестері мен тағдыр талайы әрі бөлек, әрі ұқсас. Сол бөлектік пен ұқсастықтардың ішінде бір атап өтерлігі – нар тұлғалардың 125 жылдық мерейлі тойлары биыл да қатар келіп отыр.

Салқар даланың қай топырағында туып, қай қиырында өсіп-өнсе де, иісі қазаққа ортақ қызмет етіп, ортақ рухани игілік қалдырған осы үш тұлғаның ұлы мерекесі кезек-кезегімен елдің әр өңірінен бастау алып, аталып өтілуде. Осы мерейтойлық үштіктің үзілмес жібі орталық пен солтүстік аймақты аралап келіп, бүгін біздің Жетісуға жетіп отыр.

Осында кіндік кесіп, «Ағынды менің Ақсуым» деп жырлап өткен Ілияс Жансүгіров – меншіктеп, менікі дейтіндей бір ғана Ақсудың я Жетісудың ақыны емес. Ол – Алаш руханиятының алыбы, әдебиеттің қай саласында, қай жанрында болсын, өзінің көпқырлылығын танытқан күллі қазаққа ортақ тұлға, сөз өнерінің көркемдік көкжиегінде, эпикалық тынысында шек пен шекара болмайтынын ұқтырып, оның классикалық дамуын жаңа сатыға көтерген дара дарын. Мұндай арналы ақын бір ғана Жетісудың құшағына қалай сыйсын?! Сондықтан, Жансүгіров тойы Алматы облысында жүріп жатқанымен, күллі қазақ даласы Ілияс рухымен тыныстап, Ілияс жырымен нұрланып тұр ғой деп ойлаймын.

Қаламгердің бұлықсып, буырқанып, асау ағыс сынды арқырап жатқан ақындық қуаты, азаматтық болмысы, күрескерлік позициясы, игі идеясы қаншалықты биік болса, перзенттік пейілі соншалықты таза. Туған жерінің тау-суын түгел танып, жайқалған жасыл желегінің, қыбырлаған жәндік-жануарының аты мен заты туралы терең білуі, төл топырақтың терегі мен тобылғысын, таутекесі мен құлжасын, шырмауығы мен шоңайнасына дейін ерекше сүйіспеншілікпен жырлауы осыны айғақтаса керек. Бұл – бүгінгі қоғамға, әсіресе, жастарға өнеге болатын асыл қасиет, елжандылықтың ерен үлгісі.

«Дүниенің өзегіне түскен жарықшақ ең алдымен ақынның жүрегінен өтеді» деп данышпан Гете дәл тауып айтқан. Ақын аласапыран заманның кем-кетік, кемшілігін сатираға салды, елдің асыл мұрат, аяулы армандарын өлең ғып өрді, өзекті мәселелерін көсемсөзбен кестеледі, драмамен дамытты, осылайша бәйгенің қай түріне салсаң да суырылып алға шығатын Құлагердей жүйріктік танытты. Кемеліне келіп, ақындық бәйгесінде арындап алға шыққан шағында озбыр саясаттан опық жеді, кіршіксіз қалпымен кінә арқалап, жазықсыз жапа шекті.

«Рухани жаңғыру» жан дүниеміздің ризығын молайтып, тарихты түгендеуге, сананы сілкінтуге, сергек ойлауға жол ашты. Аталған бағдарлама ұлттық әдебиетіміздің классикалық үлгісі, көнермес көмбесі, асыл қазынасы Ілиястың есімін ұлықтауға, шығармашылығына ден қойып, өмір белестерінің жасырылып, жабылған жаңа парақтарын жарыққа шығаруға да зор септігін тигізіп отыр. Бұл тұрғыда талантқа тағзым етуді біз оны зерттеп-зерделеудің жаңа бағыт-бағдарын айқындау, деректер мен жәдігерлерді тауып, түгендеп, оны ғылыми айналымға енгізу деп ұқтық.

Ілияс Жансүгіровтің өмір жолындағы және әдеби-ғылыми мұраларын, қолда жоқ шығармаларын жинастырып, алтын қорға қосу мақсатында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастауымен «Ілияс ізімен» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция құрылып, Ресей жеріне барып қайтуына мүмкіндік жасалды. Сөйтіп, қаламгердің 125 жылдық мерейтойы аясында құрамында ілиястанушы зерттеушілер мен қаламгерлер бар делегация Мәскеу, Петербор қалаларына сапар шекті. Олар Ілияс білім алған Мәскеудегі бұрынғы мемлекеттік Журналистика институтында болып, қаламгердің табаны тиген жердің архивінен ақынға қатысты бірқатар құжаттардың көшірмелерін алып қайтты. Бұл құжаттардың біразы талай жылдан бері қолымызға тимей, көптеген деректің анық-қанығына жетуге, ақиқатты анықтап, аршып алуға қолбайлау болғаны жасырын емес. Сондықтан елге жеткізілген құжаттар елеулі олжа деп білеміз.

Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты танытуда ақын атындағы Жетісу мемлекеттік университеті ғалымдарының соны ізденіс, тың талпыныстары нәтижесіз емес. Білім ордасындағы «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының ұйытқы болуымен Ілиястың шығармашылығына арналған 20 томдық жинақты Алматы облыстық әкімдігі демеушілік жасап, жарыққа шығарды. Жинаққа ақынның кең көлемде насихаттала қоймаған тың дүниелері де енгізілді. Бұл да – мерейтой қарсаңындағы тартудың бірі.

Ақынның 125 жылдығы өзі ауасын жұтып, суын ішіп өскен Ақсу өңірінен басталып, Жетісудың кіндік қаласы Талдықорғанда жалғаспақ. Осындай өнердің, өлеңнің тойын, елді рухани кемелдікке ұмтылдыратын, ақын рухын асқақтататын ізгі істерді ынта-ықыласпен атқару – біздің қасиетті парызымыз.

«Бүгінгі – кешегінің жалғасы, өткеннің салдары, болашақтың себепшісі», – дейді саңлақ сыншы Сағат Әшімбаев. Ендеше шығармашылығы таудың суындай мөлдір, тасындай кесек, тұрпатындай асқақ ақиық ақынды құрметтеу, есімін есте жаңғырту ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет. Өйткені, «Өнерде тек мәңгілік бүгін ғана бар»!

Амандық БАТАЛОВ,

Алматы облысының әкімі