ҚЫМЫЗ, БАУЫРСАҚ, ПИЦЦА - БӘРІ ТЕГІН: ДҮБІРГЕ БӨЛЕГЕН ШАРА

Уақыты: 20.10.2019
Оқылды: 1533
Бөлім: ТҮПСАНА

Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында Талдықорғанда "Орбұлақ" тарихи қойылымы қойылды. Қазақ айбынын әлемге мойындатқан шайқасқа дейін ипподром ішінде 10 алаңнан тұратын әртүрлі шара өтті.

Айталық, "Qymyz BAR", "Baýyrsaq PARTY" фестивалі, зергерлік өнер, ағаш, қыш, киіз, былғары жүннен жасалған бұйымдар көрмесі мен жәрмеңкесі. Сонымен бірге, "Qolónershiler qalashyǵy", "Алтын адам", балбал тас, алтыбақан, батырлар қақпасы, этникалық стильдегі подиум модельдері, заманауи әскери техника көрмесі, "Jamby atý", "Sadaq atý" ұлттық ойындары келген қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Ал, "Qusbegi" шоу көрінісі, "ALTYN ORDA" орта ғасырлық ұрыc алаңы, "Bal Bala" балалар алаңы өткен тарих пен бүгінгі күннің бейнесін айшықтады.

Ұлттық спорт ойындарынан өткен сайыс көрермен делебесін қоздырды. Шара соңында "Орбұлақ" шайқасының тарихи қойылымы арқылы ержүрек батырлардың қайталанбас соғыс үлгісі көрініс тапты. Әрмен қарай концерттік бағдарлама назарға ұсынылып, Балпық бидің 325 жылдығына орай ұйымдастырған бәйгеде шашасына шаң жұқпаған тұлпарлар даланы дүбірге бөледі.

Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық айқасындағы үлкен жеңісі. Бұл шайқас – жауынгерлік тәсіл мен әскери шеберліктің әлемдік жылнамасына енді. Нағыз жауынгерлердің ерекше ерлігі әскери рухтың қайталанбас үлгісі атанды.

Ауқымды шара барысында келген қонақтарға ыстық бауырсақ пен қымыз тегін тарту етіліп, ұлттық киіммен келгендерге пицца ұсынылды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - Жеңіс ЫСҚАБАЙ