ЕРЛІК ПЕН ӨРЛІК: АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ АЙҚАС

Уақыты: 21.10.2019
Оқылды: 1469
Бөлім: ТҮПСАНА

Қатпарлы тарих сахнасынан ойып орын алған батырлардың ерен ерліктері халқымыздың жадында мәңгі сақтаулы. Қазақ дейтін жауынгер халықтың тегіне біте-қайнасқан батырлығы мен қайсарлығын болашақ ұрпаққа насихаттау мақсатында Талдықорған атшабарында Алтын Орданың - 750, Балпық би бабамыздың - 325 жылдығына орай Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы өтті. 

Ерлік пен өрлік паш етілген жиынға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, алғысөзімен шараның шымылдығы түрілді.

– Алтын Орданың 750 жылдығы аясында өткізіліп отырған мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі іс-шара ең алдымен, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету, тарихтан тағылым алу үшін ұйымдастырылды. Ел­басымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ұлт­тық санаға баса назар ау­да­рып, аса маңызды бірнеше мін­­деттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі – ұлттың терең тарихынан бас­тау алатын озық дәстүрлерімізді жаң­ғырту, рухани құндылығымызды сақ­тап қалу. Біз – Ұлы Даланың мұрагері ретінде өткен тарихымызды түгендеп, азаттық жолында жан аямай күрескен бабаларымызды құрметтеу арқылы болашаққа батыл қадам жасаймыз. Тарихқа шолу жасасақ, қазақ даласы талай ерлік істерге куә болды. Соның көш басында тұрғаны – Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңіс. 50 мың жоңғар әскеріне қазақтың 600 сарбазы қарсы тұрды. Аз ғана қолдың айтулы ерлігі бізге аңыз секілді көрінгенімен, бұл – рухтың мықтылығын айқындайтын шындық! Бүгін біз Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымын тамашалай отырып, бабалар ерлігін, оның қандай қиындықпен келгенін, Ұлы Жеңістің қандай ерік-жігермен жеткенін сезінеміз, – деді аймақ басшысы.

Игілікті іс-шараға жиналған қауымның ықыласы жоғары болды. Батыр бабаларымыздың ерлігін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жиынға еліміздің әр өңірінен келген қонақтардың қарасы қалың болды. Ата салтын ұлықтаған, дін мен дәстүрін ұмытпаған даналардың тойына барлығы ұлттық нақышта ерлер шапанын, әйелдер комзолын киіп келді. Қазақы иіс аңқып, ұлттық дәстүріміз ұлықталған шара жоғары деңгейде өтті. Ұлы тойда арқа-жарқа болып, кеудесінде қуаныштың сәулесі құйылған жұрт алдымен елі үшін аумалы-төкпелі заманда өмірін сарп еткен, ұлтжандылығымен халықтың санасын оятып, азаттық үшін күрескен қаһармандарымызды сомдаған тарихи қойылымды тамашалады. Батырлар рөлі асқан шеберлікпен орындалып, әр образ айшықты көрініс тапқан қойылымнан жиналған жұрт ерекше әсер алды. Мұнда Батур қонтайшының Ұлы Жібек жолының бойын жайлаған елдерге ары-бері сауда-саттық істеп жүрген қазақ керуенін қырғаны, қазақ әскерінің қиын-қыстау заманда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұдырықтай жұмыла жауға атой салғаны көрсетіледі. 600 әскер мен жоңғардың 50000 сарбазына қарсы тұрып, аран әдісі мен текенің сасық жүні, улы жебелер арқылы жауға тойтарыс беріп, Жалаңтөс батыр 20 мың әскермен көмекке келіп, жоңғарды жеңген шайқастың мәні мен мазмұны қойылым барысында тұтастай ашылды.

Қойылымнан ерекше әсер алған қауым келесі кезекте ұлттық спорт ойындарын тамашалады. Әуелі бейбіт күннің батырлары қазақ күресінен сынға түсті. Мұнда қазақ күресінің кіл мықты жиырма балуаны белдесті. Күрес десе жанын беретін жанкүйерлер сынға түскен балуандарды қызу қолдап отырды.

Жауырыны жерге тимеген апайтөс балуандар әуелі жеребе тартып, қарсыластарын анықтады. Сен тұр мен атайын дейтін балуандар екі топқа бөлініп, күресті бастап кетті. Сайыс тартысқа толы болды. Нәтижесінде, білек күші мен әбжіл әдіс арқылы қарсыластарын қоғадай жапырған қызылордалық Еламан Ерғалиев 1-орынды жеңіп, Қаратал ауданының азаматтары тіккен «Лада Гранта» автокөлігін иеленді. Ал 2-орынды еншілеген шымкенттік Ерсұлтан Мұсафаровқа 300 000 теңгенің сертификаты, 3-орынды қанжығасына байлаған алматылық Руслан Әбдіразақовқа 200 000 теңгенің сертификаты табысталды.

Шара барысын да ақ шаңқан киіз үйдің алдында «Baýyrsaq PARTY» және «Qymyz BAR» фестивалі өтті. Айта кетейік, торқалы тойда ақжаулықты аналар 2000 келі тартатын жеті түрлі бауырсақ түрін әзірлеп, тегін тарату бойынша рекорд орнатып, Қазақстан рекордтар кітабының бас редакторы Қуаныш Тазабековтың сертификатын иеленді.

Игілікті шарада зергерлік өнер, ағаш, қыш, киіз, былғары, жүннен жасалған бұйымдар, заманауи әскери техника көрмесі мен жәрмеңкесі, «Qusbegі» шоу көрінісі, асық ату, қолкүрес, арқан тартыс, қошқар көтеру, жамбы ату сынды ұлттық спорт ойындары өтті. Сонымен қатар, еліміздің эстрада жұлдыздары әуелетіп ән салып, мерекелік концерт қойды.

Жиын соңында ат спорт ойындары десе, ішкен асын жерге қоятын халық бәйгені тамашалады. Қаз-қатар тізілген кер жорғалардың басы кекжеңдеп құйма тұяғы тыным таппай құйындатқалы тұр. Жанындағы аттар да жиі пысқырып, құлағын қайшылап, басын арылы-берілі изеп, мені босат дегендейін жер тарпиды. Көрермендер алғашқы айналымнан ақ тартысты додаға куә болды. Тақымы тайға жабысқан шабандоздар да жиналған қауымның ықыласына бөленді. Бастапқы айналымда тізгін тартып ат шабысын бәсеңдетіп отырған тұста сәйгүліктер басын жұлқа тартып, бас бермейтін асауша алдыға осыла жөнелді. Айналым өткен сайын қамшыға қамшы басып, ат ауыздығымен алысқан шабандоздар тізгінді босатып жіберді. Осы тұста дүлдүлдер іркес-тіркес құйрық тістесе шауып, қара жердің астан-кестенін шығарып айналаны шаңға бөкті. Айналым азайған сайын тұлпарлар жүйткіген бойы жұлдыздай ағып отырды. Дүбірлі доданың қызығына кірген дүйім жұрт қиқуға қиқу қосып, шабандоздарды жандандыра түсті.

Мәреге жетер шақта тұлпарлар бірінен-бірі озып, шабысына шабыс қосып ағылып отырды. Пай-пай шіркін, ұлттық өнерді ұлықтаған сайын даланың жігіттері бәйге десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылыққа керемет әсер сыйлады. Жарыстың қорытындысы бойынша топ бәйгеде 1-орынды Іле ауданының «Көгершіні» жеңіп алды. 2-орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген Нұрдаулет Әкімжановтың «Астана» атты сәйгүлігі еншілесе, 3-орынды Талдықорғандық Балауса Жұмаділдің «Патша қыз» атты тұлпары иемденді. Аламан бәйгеде шашасына шаң жұқпаған Қарасай ауданының «Үшқоңыры» мәре сызығын бірінші болып кесті. Екінші және үшінші орынды Жамбыл ауданының «Успешный» мен «Көкдауыл» атты сәйгүлігі жеңіп алды. Жарыс соңында жеңімпаздарға автокөлік кілті, жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табысталды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы