Мұғалім мерейі тасыды

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1928
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Мұғалім – мәртебелі мамандық. Олай дейтін себебіміз, ел билеген дана да, ақын, ғалым, әнші де ұстаз алдынан өтеді. «Өз уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған» жандарға кім де болса бас иеді. Жас та, жасамыс та ұстаздарын ұмытпайды, әрдайым құрмет тұтады. Ұстаз деген бір ауыз сөздің өзінен адам қамқорлық пен жылуды сезінеді. Бала кезден жанына баурап, шәкірттеріне бар шуағын сыйлап, білім нұрын төккен ұстаз есімі қашанда аяулы, ардақты. Қатты шөлдеген адамға су беріп, шөлін қандырудың өзі үлкен сауапты іс саналады. Ал барша адамзатты білім нәрімен сусындатып, болашаққа кемел жол салған ұстаздардың алар сауабы одан да мол екені айтпаса да түсінікті.

Міне, осындай ұлағат иесі ұстаздарға арналған мерекелік шара І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Онда қала ұстаздарына айрықша құрмет көрсетіліп, әрбіріне шоқ гүл ұсынылды. Ұрпақ тәрбиешілерін Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев мерекемен құттықтады.
– Мұғалімдер күні – орны бөлек, дәрежесі биік мереке. Ұлт ұстазы, қазақ руханиятының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі сондай болмақшы. Мектепке керегі – білімді, педагогика мен методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім» – деген еді. Бүгінде бұл сөз өз мәнін жойған жоқ. Мұғалім еңбегі – құрметті әрі сыйлы. Сіздер жас ұрпақ үшін жаңа көкжиекті ашасыздар, өз білімдеріңізді, ең жақсы адами қасиеттерді бойларына дарытасыздар. Міне, осындай өз еңбегін шәкірттеріне арнап жүрген қаламыздың мектептерінде  2194 мұғалім бар. Қосымша білім беру мекемелерінде 142 ұстаз және мектепке дейінгі ұйымдарда 986 тәрбиеші еңбек етуде.
Ең басты көрсеткіш – шәкірттің білім деңгейі, оның жетістігі десек, бұл орайдағы табыстар жетерлік. Пәндер олимпиадасының облыстық кезеңіне қала бойынша 160 оқушы қатысып, оның 122-сі жүлделі орынға ие болды, бұл өте жақсы нәтиже. Әсіресе, білім-инновация, №20, №24, №5 мектеп-лицейлері ұжымдарының үлесі зор. Мұнда, әлбетте, ұстаздың тынымсыз еңбегі жатыр, – дей келе ол білім беру саласын қолдау мақсатында атқарылып жатқан игі істерге де тоқталып өтті. 
Биыл қалалық білім саласына бөлінген қаржы 11,3 млрд. теңгені құраған, бұл қала бюджетінің 30 пайызынан асады. Облыс басшылығының қолдауымен жыл сайын қала аумағында жаңа мектептер, балабақшалар салынуда. Қазіргі таңда жалпы құны 2,4 млрд. теңгеден асатын 2 мектеп құрылысы жүргізілуде, жаңа музыка мектебінің іргетасы қаланды. Қаладағы №45 балабақшасына, №10 орта мектеп-гимназиясы мен білім-инновация лицей интернаты ғимараттарына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Аталған білім ордаларында жаңаша жағдай жасалып, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Мектепке дейінгі мекемелермен қамту жұмысы да қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта Талдықорған қаласында 61 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның 37-сі жекеменшік балабақшалар. Бұларда барлығы 7748 бала тәрбиеленуде.
Биыл 625 орынды 5 жекеменшік балабақша мен 1 қосымша топ ашу жоспарланған. Бүгінгі күнде 225 орынға 3 жекеменшік балабақша пайдалануға берілген. Нәтижесінде 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту 92,5 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін тағы 2 жекеменшік балабақша ашылып, қамту пайызы 94-ке жеткізіледі деп күтілуде. 
Жас мамандарға да мейлінше жағдай жасалуда. Биыл  білім саласына жұмысқа келген 10 жас маманға 14,5 млн. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Қала мектептері биыл 132 жас маманмен толыққан.
Жаңа оқу жылын осындай жақсы жаңалықтармен бастаған ұстаздар қауымына жылы лебізін білдірген Бағдат Әбілмәжінұлы 100-ден аса ұстазды Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапаттады. Зейнеткерлікке шыққан мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілеріне теледидар сыйға тартты. 
Мұғалімдердің мерейін тасытқан шарада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров та сөз алып, партия мүшелерінің денін мұғалімдер қауымы құрайтынын атап өтіп, бірқатар ұстаз, тәрбиешілерді марапаттады. Ардагер ұстаздар атынан Айнакез Ақмолданова, жас мамандар атынан Ану Камелхан ізгі тілегін жеткізді. 
Биыл мектепте еңбек жолын бастаған жас мамандар ортаға шығып, ұстаздық жолда адалдық танытып, бар білімін шәкірттеріне арнауға ант берді. Мұғалімдер мерекесі ары қарай концерттік бағдарламаға ұласты.
Алма ЕСЕНБАЕВА.