Ұстаз ұлы есім

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1324
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жақында Кербұлақ ауданында «Ұстаз – ұлы есім» атты Мұғалімдер күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік басқосуда білім беру саласының үздіктері марапатталып, сый-құрмет көрсетілді.

Салтанатты шара жылдағыдан ерекше өтті. Себебі, онда ұстаздарға арналған ақ тілектер айтылып, ән-күйлер орындалды. Мың бұралған бишілер де өз өнерлерін ортаға салып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Күреңбел қазақ орта мектебінің оқушылары да жүрекжарды алғыстарын білдіріп, сезімдерін жеткізді. «Құрметті ұстаздар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздердің ақ көңілдеріңіз әр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Мұғалімнен өнеге, білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шәкірт ұстазымен мақтанады», – деп жүрекжарды лебізін, жылы тілегін жеткізген аудан әкімі Бағдат Әлиев шәкірттер санасына сәуле шашып, шырақ отын маздатқан ұстаздар қауымын марапаттады.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен П. Дутов атындағы орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Галина Житник марапатталса, тағы бір топ ұстаз облыстық білім басқармасы және аудан әкімінің Құрмет грамотасын алды. Сондай-ақ, аудан әкімінің бағалы сыйлықтарына ие болған және білім беру мекемелері тарапынан марапатталған мұғалімдер де аз болған жоқ. Ұстаздар қауымына түрлі дәрежедегі дипломдар табысталып, басқа да сый-сияпаттар көрсетілді. Бұдан соң аталған салаға еңбегі сіңген зейнеткерлер мен үздіктер, сыйлы азаматтар ортаға шығып, ақ тілектерін арнап, сөз сөйледі. Мерекелік кештің соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Айгүл Байбосынова.

Кербұлақ ауданы.