ЖЕТІСУ ТАРИХЫНА ДЕН ҚОЙҒАН

Уақыты: 24.12.2023
Оқылды: 1165
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Мен бұл естелік жазбамды атамыз қазақтың «Өткен күнде белгі бар», «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» қағидасымен бастағанды, Жетісудың да мақтанышы атанған қаламгер Жанат Ахмадиге арнағанды құп көрдім.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК  

Сонымен өткен ғасырдың сексенінші жылының бел ортасынан басталған «Қайта құру» үдерісі, жариялылық желі мен ақтаңдақтар ақиқатын ашуға бағытталған дүмпулі қозғалыс (1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі серпін беріп) республикамыздың шартарабындағыдай Жетісу өңірінде де қызу қолдау тауып, кең қанат жая түсті. Өткен тарихымызды жаңаша көзқараспен саралау, даңқты тұлғаларға оң баға беру, елдік құрмет көрсету бағытындағы елеулі игі шара 1991 жылы жазда Үйгентас өңірінде дарабоз батыр, атақты қолбасшы Қаракерей Қабанбайдың 300 жылдық мерейтойының республикалық деңгейде аталып өтуі – бұл турасында алдағы атқарылар ізгі істерге даңғыл жол ашты.

Араға бір жыл салып 1992 жылдың қазанында ұзын аққан Қараталдың Қызылжар өңірінде арада небір зобалаңды жылдар, қайғы-қасіретті оқиғалар өтсе де есімі ұмытылмаған ел бастаған көсем, қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен, қара қылды қақ жарған би Ескелді Жылкелдіұлына елдік құрмет (араға екі жыл салып 1994 ж.) үзеңгілес серігі Балпық би шарасымен жалғасты. Көксуда Қабан жырауға да құрмет көрсетілді. Халық қаражатына қос әулиенің қазіргі заманға сай кесенесі тұрғызылды. Фольклоршы, журналист, жазушы Ораз Исмаилұлының тарихи қос ірі тұлға жайлы ел аузындағы аңыз-әңгіме, әфсана мен дәйекті деректер, ақындар жырлары негізінде жазылған «Ескелді би» және «Балпық әулие» кітабы жарық көрді.

Қай заман, қандай ортада да көпке топырақ шашуға бейім тұратын керауыздар, қисық қыңырлар сирек те болса ұшырасады. «Біткен іске сыншы көп» дегеннің ізімен бәзбір сыңарезулер дүркіретіп асы берілген Ескелді, Балпық би мен олардың танымал ұрпақтарының тұлғалық бейнесін айқындап дәлелдейтін тарихи бұлтартпас деректер (құжаттар) аздық етеді екен деген қаңқу сөзді таратып жіберді. «Аққа Құдай жақ» дегендей, осы бір қысталаңды қиындықтан Алматыдағы ҚР Мемлекеттік архивінің аға ғылыми қызметкері, есімі қазақ оқырманына жаңа таныла бастаған жазушы Жанат Ахмади ағамыздың республикалық «Жас Алаш» газетінде жарқ етіп жарияланған, елді елең еткізген «Тіленші Балпық ұлының мөр таңбасы» тарихи-танымдық мақаласы құтқарды. Тығырықтан шығарды. Ойланбай сөйлеп, опық жейтіндердің аузына құм құйғызды. Бұл турасында ағамыз өзінің «Қарымбайұлы Назар би» атты жазбасында былайша баяндайды: «Осыдан біраз жылдар бұрын әрі би, әрі батыр, әрі әулие Ескелді, Балпық және Қабан (Қабылиса) жыраудың 300 жылдық тойлары өткенде ҚР Орталық мемлекеттік архивтен біраз билердің мөртаңбасын тауып, баспасөз беттерінде жариялаған едік. Онда Тіленші Балпық оғлы, Айдар Сүйіндік оғлы, Қотыраш Өмір оғлы, Назар Қарымбай оғлы, Құтым Сапақ оғлы, Тазабек Пұсырман оғлы қатарлы билер бар болатын. Ал бұл жолғы жеке бөліп айтқалы отырғанымыз Назар болыс туралы. Назардың әкесі Қарымбай, Қарымбайдың әкесі әйгілі Тәттібай батыр. Қабанбайдың замандасы Тәттібай батыр жоңғар қалмақтарымен бел шешіп соғысқан батырлардың бірі болғаны тарихтан мәлім. Және көрнекті жазушы Қ. Жұмаділов өзінің «Дарабоз» атты роман-дилогиясында Тәттібай батыр туралы көркем шығарма арқылы кеңінен мағлұмат беріп кеткені мәлім», – деп құнды әрі бұлтартпас мұрағат мұрасын алға тартады. Қабырғалы әрі ізденімпаз қаламгер тарихтың тереңіне сүңги отырып жазған бұл жазбасының түп төркініне үңіле отырып, мынандай сипаттама береді: «Кезінде Мемлекеттік Орталық Ұлттық архивтен алынған төмендегі құжаттың мәтініне қарағанда Назар би тегін адам болмағаны өз-өзінен белгілі болып отыр. 1846 жылы 10 маусымда генерал Вишневский Жетісу, Қарқаралы, Аягөз, Көкпекті дуандарының ел билеушілері: Құнанбай Өскенбаев, Алшынбай Тіленшіұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Барақ Солтабайұлы, Тіленші Балпықұлы сияқты бүкіл қазақ даласына белгілі ығай мен сығайлардың басын қосып, Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының береке-бірлігі жайлы құрылтай өткізгенде, солардың қатарында Назар болыстың да мөртаңбасы басылып, аталмыш құрылтай басшыларының бірі ретінде қатысып, аты аталуы көп нәрсені аңғартқандай», – деп жоғарыдағы дәйекті деректі толықтыра түседі, қажетті түсініктемесін береді.

Қияметке толы шығармашылық жолын әңгіме жанрынан бастап, кесек бітімді «Дүрбелең», «Шырғалаң», «Есенгелді би», «Жарылғап би», «Тектілік тұғыры», «Айтұмар», «Ақ қылыш» романын дүниеге әкелген сөз зергерінің жоғарыдағы «Қарымбайұлы Назар би» жазбасындағы құнды деректерді есімі көпке танымал тарихшы Б. Нәсенов «Кенесары – дала маршалы» кітабында: «...Жетісудың 28 биі қатарында Назар, Тіленші, Құтым, Айдар, т.б. Кенесары ханды жақтағаны (қарсы болғандары да бар) айтылады». Байқап отырғандай, бір жоқты бір жоқ тауып, есімдері ұмытылмас, тозаң тұтпас даңқты бабалардың архив құжаттарындағы деректері осылайша толыға, сүбелене түсуде.

ҚАРАТАЛ САПАРЫ

Әлі есімде, төрт атасы мен кейінгі ұрпағы кеңестік дәуірге дейін үзіліссіз билік құрған Қарымбай әулиеге халықтық құрмет көрсету игі ісі (кесенесін тұрғызу, кітабын шығару, т.б.) 2001 жылдан басталып, 2004 жылдың қазан айында мәресіне жетті. Нақтырақ айтсақ, 23 қазанда сылдырап аққан Қараталдың Басбөгетіне таяу жердегі «Қорған төбедегі» көк шалғынды алқапта, әулиенің жаңадан бой көтерген кесенесі жанында Қарымбай бидің аруағына арнап шартарапта тұратын ұрпақтары кең дастарқан жайып, ас берді. Еске алу шарасының ауқымында аудандық Мәдениет үйінде шағын ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Аудан басшылығы (С. Бескемпіров пен М. Рахымбаев) ақылдаса келіп, Алматыдан арнайылап Жанат ағайды шақырды. Жәкең сол кезде шығармашылықпен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессор С. Садырбаевтың басшылығымен Академияда сақталған ескі қолжазбаларды кириллица қарпіне келтіріп, жаңалап баспадан бірнеше қазақтың эпос-жырларын шығарып, қызмет істеп жүрген. Ағамыз бәзбіреулердей көлік сұратпай түнгі пойызбен Үштөбеге келіп алды. Кесененің ашылу салтанатынан соң Мәдениет үйінде өткен жиында зал толы жұртшылық алдында заманында Қаратал мен Көксу өңірін жайлаған ел ардақтысы Қарымбай бидің даңқты аталары мен танымал ұрпақтары жайлы көсіле сөз сөйледі. Нақтылы тарихи дерек пен дәйекке құрылған мәліметтер мен тұжырымдарды сөздің майын тамызған шешендік тілмен шебер жеткізе білді. Би аталар мен қараталдық танымал тұлғалар (Байқоржын қажы, Сақбай болыс, т.б.) жайлы шежірені таратып, тың деректерді алға тартты. Көптің бірі болып ұйып тыңдаған менің жадымда (арада он тоғыз жыл өтсе де) тіл байлығы мол ағамыздың ауызша сөз бен жазба еңбегінде жиі пайдаланатын мақал-мәтелдер, тіркестер топтамасындағы: «Жақсы айғыр үйірін қорғайды, қотыр тайын қасқырға жегізбейді» дегені сақталып қалыпты. Жәкеңнің мазмұнға бай, көңілге жылы ұялаған шағын баяндамасын ел ағасы Наурыз Қылышбайұлы жалғастырып толықтырды. Табақтас болып үлкен дастарқаннан дәм таттық. Жиынның көркін келтірген Жәкеңе басшылар ризашылығын білдірді, ал ел-жұрт алғысын жаудырды. Арнайы көлікпен Алматыға бет алар тұста: «Жетісу жұртшылығымен жүздесіп, үлкен әсерге бөленгенін, қыруар рухани азық алып бара жатқанын айтып, ризашылығын білдірді. Құрқол келмей қоңыр портфеліне сала келген әңгімелер, этнографиялық көркем толғаудан тұратын «Жүрек қартайса, ажал аңду салады» (А. «Қайнар» баспасы, 2000 ж.) кітабын «Құрметті, Қараша мырза! Өзіңізге деген зор құрметпен. Автор» деген қолтаңбасымен сыйға тартты. Абзал ағамыздың өрнектеп қол қойған сый кітабы жеке кітапханамның төрінен күні бүгінге дейін орын алуы мен үшін үлкен мақтаныш.

«Адам айдаса барма, дәм бұйырса қалма» дегендей, Жанат ағамыздың табаны құт берекелі Қаратал өңіріне араға үш жыл салып 2007 жылдың 28 қыркүйегінде қайталай тиді. Бұл жолы ол өзінің жақсы көретін, өмірден өткен рухани ақын інісі Қайрат Әлімбектің Жылыбұлақтағы білім алған мектебінде шайыр атындағы әдебиет залының ашылу рәсіміне қатысты. Жиынға дейін бір топ серіктерімен (Қайраттың курстасы, журналист А. Бейсенқұлов, т.б. бар) ақынның мәңгілік мекеніне барып, рухына бағыштап Құран оқылды. Жиналғандар алдында мағыналы ғұмырында «Іздеген жоғым – жыр шоғы» деп өткен Жетісудың жезкиігі жайлы жүрек қылын тербейтін естелігін айтып, тыңдаушыларды бір серпілтіп тастады. Дастарқан басында да өзін сергек ұстады. Ілтипатшыл ініге деген ағалық ақ ниетін адамның жанын баурайтын жылы сөзімен, кіршіксіз пейілімен жеткізе білуі – кім-кімге де тағылымды тәлім аларлық өнеге болатын.
 
СОҢҒЫ ЖҮЗДЕСУ

...Жаңылмасам, абзал ағаны соңғы рет көріп, дидарласуым, лебізін есітіп, қолын қысқаным сол 2019 жылдың желтоқсан айы болатын. Қарасақал Ерімбет шайырдың 170 жылдығына орай бір топ зиялы қауымның жоғары органға жолданар өтініш-тілек хатына қол қойдыру үшін Қазақстан Жазушылар одағына баруға тура келді. Дәл сол күні Одақтың проза секциясы құрамындағы қаламгерлердің кезекті отырысы өтіп жатты. Қабылдау бөлмесінде отырып, аяқталуын күттім. Қайың есік ашылып, іштен даудырасып бір топ қаламгерлер шықты. Жазушы Молдахмет Қаназға қағазымды бердім де  Жанат ағаймен шеткерек тұрып амандастым. Өзімнің қараталдық екенімді, Қарымбай әулие асында дастарқандас болғанымды айттым. «Хош» деп жүзіне күлкі үйірілген ағамыз ел-жұрттың амандық-саулығын сұрағаннан соң өзімнің не шаруамен жүргенімді білді. Жөнімді айттым. Сәті келіп тұрғасын «Соғыстан кейінгі жылдары Балқаш өңірінде тағдыр талайлы ғұмыр кешкен, кеудесі алтын сандық Зарауха кемпір мен келіні Бәти, немересі Құснидің басынан кешкен небір қиямет-қайым күндері мен қилы тағдырына арналған, бес тараудан тұратын, повесть соңында басты кейіпкерлері қиындықты кейінде қалдырып, бақытты күн кешетін сәті бейнеленген шығарманың адамдарымен жолыға алдыңыз ба? Олар бар ма?»  деген сауалыма: «Былай, жалпы хабардармын. Тіршілік күйбенімен оларды іздеп барып, жолығудың сәті түспеді», – деп алды да, –Алдағы уақытта байланысып тұрайық, інім, – деді де ұялы телефонының нөмірін өз қолымен жазып берді. Бір-бірімізді қимай қоштасып, өз шаруамыздың қамымен кете бардық.

Иә, келмеске кеткен кеңестік дәуірдің адамдарды ұлтына, шегарасына қарай бөлген, тырнақ астынан кір іздеп, өз қазағымызды «шпион», «дұшпан» санаған кертартпалы қоғамның текпірешін бір адамдай көрсе де (Қапалдан жер аударылып, Сырдың Жаңақорған ауданын мекендеген) мойымаған, илікпеген Жанат ағамыз жазған туындысын жарыққа шығару үшін көрші мемлекеттегі «Адамзаттың Айтматовы» атанған жазушы Шыңғыс Айтматовты Бішкекке іздеп барып, пәтуасын алуы арқылы әдебиет әлеміне батыл қадам басады. Біздің айтпағымыз, қайсар мінезді қаламгер ағамыздың том-том көркем туындылар жазумен қатар сан қатпарлы Жетісу тарихына ден қоюы, оның тарихи тұлғаларының іс-қызметін архивтік дереккөздерімен толықтырудағы еңбегі ұшан-теңіз екенін айрықша атап көрсету болатын. Жанат ағамыздың таза шығармашылықпен айналысып, алаңсыз еңбек етуіне отбасында жайлы жағдай туғызған, жазушының 80 жылдығына орай естелік кітабын шығару үшін күш-қайрат жұмсап отырған жеңгеміз Роза Оразалинова ханымға және ұл-қызына «Бастаған істеріңіз сәтті аяқталсын!» деген ризашылық сезімімді білдіргім келеді. Артына өшпес мұра қалдырған ағамыздың топырағы торқа, иманы жолдас болсын!..

Қараша ҚАРАМАН,
журналист,
Қаратал ауданының Құрметті азаматы