Қағілез қаламгер

Уақыты: 31.12.2023
Оқылды: 1894
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әлдебір жағдайда өтіп жатқан сот процесінде айыпталушыға не шағымданушыға аудармашылық жасап, қазақ тілінің мәйегі мен құдіреті басым екенін дәлелдеп жүрген тәржімашы көрсеңіз, күллі Қазақстанға кеншілер қаласы ретінде танылған Текелі туралы мәлімет сұрастырған тақиялы журналисті байқасаңыз Жетісу жұртшылығына танымал Шора Батырбаев деп біліңіз. Қанындағы қағілез қасиетімен ұлттық құндылықты асқақтата көтерген белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шора Дубекұлы елге өңірдегі бірнеше басылымда еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан қаламгер ретінде таныс.

Журналистік еңбек жолын 1974 жылы Талдықорған облысы, Киров (қазіргі Көксу – М.А) аудандық «Еңбек туы» – «Знамя труда» газетінде фототілші ретінде бастаған Шора Батырбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін сырттай оқып, 1980 жылы дипломды маман атанады. Облыс орталығының іргесінде  тұрған аудандық газетте 16 жылдан астам аудармашы, әдеби қызметкер, радиохабар ұйымдастырушы, бөлім бастығы және жауапты хатшы міндеттерін атқара жүріп, мол тәжірибе жинақтады. Елге танымал Рымтай Дәулетов, Сағындық Тәнекенов, Сәбит Биболов, Әміре Әрін, Атсалим Идигов, Лұқпан Шуашбаев, Рәш Рахымбеков, Жамау Бұхарбаев, Уәлихан Шыңғысұлы, Әбдіқадыр Алашбаев, Қабдрахман Наурызбаев, Асхат Ибрагимов, Кенжебек Бектемісов сынды қаламгер-журналистердің қатарында қоғам өміріне, мемлекет тынысына, ел мен жердің тіршілігіне алаңдайтын жан ретінде аты атала бастады.

1990 жылы Талдықорған облыстық телерадиокомпаниясының Текелі қалалық филиалына қазақ тілі бөлімінің редакторы болып тағайындалған Шора Дубекұлы өмір жолына үңілгенде жергілікті «Текелийский рабочий» газетінің редакторы да болғанын, басылымның қазақша шығуына ықпал еткенін мақтанышпен еске алады. Себебі, қылышынан қан тамған кеңестік идеологияның пәрменімен қалалық басылым тек орыс тілінде ғана мақала жариялайтын.

Сол газет бүгінгі таңда «Текелі тынысы» деген атпен жарық көруде. Бұл дерек кейіпкеріміздің қайраткерлігінен хабар берсе керек.

2000 жылдан бастап, Текелі кен байыту кешеніне қызметке ауысып, бас директордың баспасөз хатшысы және мемлекеттік тілде іс жүргізуші маман ретінде 11 жыл қызмет атқарған Шора Батырбаев кен байыту кешені жабылып қалғаннан кейін журналистік қызметін Талдықорған қаласында жалғастырды. Облыс орталығындағы «Севен», «Диалог», «Сапа Талдықорған», «Талдыкорганская жизнь» газеттеріне мақала дайындап, тынымсыз еңбек етті. Облыстық «Jetіsý» газетінің Текелі қаласындағы меншікті тілшісі, Ескелді ауданының «Жетісу шұғыласы» газетінде тілші болып бірнеше жыл жұмыс істеді. Журналистік қызметімен қоса облыстық сотта аудармашылық қызметті қоса атқарған Шора Дубекұлы тағдыры түрлі жағдайға түсірген жандардың сотына тілмәштік жасап, елдің алғысын арқалады. Қоғам назарын аудартқан атышулы қылмыстық істерге үкім шығарған сот отырыстарына қатысты. Атап айтқанда, Арқанкерген, «Qnet» алаяқтығы сынды істердің құпиясы мен сырын жетік меңгерді. Жасы 70-ті алқымдаған әріптесіміз күні бүгінге дейін сот отырыстарына тәржіман ретінде қатысуды жалғастырып келеді. Өйткені, кез келген сотта айтар ойын қазақ тілінде жеткізгісі келетін адам міндетті түрде табылып жатады. Ондай жандарға мемлекеттік тілде қолдау таныту қағілез қаламгердің ғана қолынан келсе керек.

Жан жары Қалия Оразханқызымен екі қыз тәрбиелеп өсірген Шора Батырбаевтың тұңғышы Салтанат Шорай әкесінің жолын жалғастырып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын ойдағыдай бітіріп шыққан маман. 2001 жылы отау тіккен  Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасында еңбек жолын бастап, шеф редактор ретінде телеарнаның іргетасын қалауға үлес қосты. Бұл күндері Салтанат Алматы қаласындағы алпауыт ақпараттық сайттың бөлім басшысы ретінде еңбек етуде. Екінші қызы Айгерім Талдықорған қаласында мемлекеттік қызметте істейді. Қос қызынан бес немере сүйіп отыр.
Адам өмірінің бір кезеңі саналатын 70 жасқа келіп жатқан әріптесімізге облыстық басылымның атынан мықты денсаулық, талмас қайрат, таусылмас қуат, өшпес өнеге, ғибратты ғұмыр тілейміз! Айтарыңыз бен жазарыңыз таусылмасын!

Мәди АЛЖАНБАЙ