Ұлт перзентін ұлықтайық

Уақыты: 14.01.2024
Оқылды: 861
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қалың қазақтың қадір тұтар перзентінің бірі Дінмұхамед Қонаевтың жарқын бейнесі арада қанша уақыт өтсе де қалың қазағының жадында бірге жасап келе жатыр. Неге екені айтпаса да әмбеге аян. Ол бәзбіреулердей таудай биік болған таққа да,  байлық дейтін баянсыз баққа да байланбады. Сондықтан оны халқы жақсы көрді. «Халық қаласа хан түйесін сояды» дегендей, Мемлекет басшысы көптің тілегін қабыл етіп Қапшағай қаласына ұлт перзентінің атын берді. Ал біздің облысқа қарасты табиғаты тамылжыған Текелі қаласында ТМД-дағы ең ұзын көше Қонаевтың атымен аталады. 

Күн көкке арқан бойы көтерілгенде жұмыстың көлігімен бірнеше тілші тау баурайындағы Текелі қаласын бетке алып, жолға шықтық. Мақсатымыз айқын, моношаһардың тыныс-тіршілігімен танысып қайту болды. Әне-міне дегенше діттеген жерден табылдық. 

Үйдің жайлылығы кіреберісінен байқалмаушы ма еді? Сол жайлылықты аңғарғымыз келіп Дінмұхамед Қонаев атындағы даңғыл жолды бойлап көтеріле бердік. Алдар көсеше жеткізер болсам: «Естігенімді айтайын ба, жоқ әлде көргенімді айтайын ба?» дегім-ақ келеді. Дегенмен, естігенім де, көргенім де шындыққа жанасып-ақ тұр. Таудан келіп Қонаев көшесін кесіп өтетін арықтың жағасы тұрмыстық қатты қалдықтардан аяқ алып жүргісіз. Қоқыстан тазаланбағанына да біраз болған сыңайлы. Туристер көптеп келетін мекеннің түр-түсі де көңіл тоярлықтай болғаны жөн ғой. Сондықтан бұл қалада тазалық басты назарда болмағы керек. 

Жөн екен!

Бейсеннің бейнесі

Текелі қалалық әкімдігінің маңында, яғни қала тұрғындары мен қонақтары жиі жүретін алаңқайда танымал тележүргізуші, ұлттың дара перзентінің бірі Бейсен Құранбектің бейнесі мен қанатты сөзі жазылған әйнек тақта бірден көзге түседі. Кімнің ұсынысы болса да қазақтың қайраткер ұлына жасалған құрметі деп қабылдадық. Өйткені, Бейсағаңды білмейтін қазақ кемде-кем. «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы танымал ғана болып қоймай, осы екі жоба аясында құлағанға сүйеніш, жылағанға жұбаныш бола білген Бейсен Абайұлының еткен еңбегі ерен. Қонаев көшесіндегі кемшіліктерді көріп, көңіліміз пәс болып әкімдікке беттегенде, алдымыздан асыл ағаның жарқын бейнесі жарқ ете қалғанда жадырап сала бердік. Баласына жасаған құрметті данасына да көрсетіп, дәл осындай ел сүйсінер жобаны Дінмұхамед атамызға да арнап, жасап қойса көрген жанның рухы да асқақтап кететін еді-ау!

Осы ретте қала тұрғындарын да сөзге тартып көрдік. Пікірлеріне құлақ түрдік. Біздің келетінімізді біліп келісіп алмаған шығар, әрқайсысының ойы ұқсас. Солардың бірі Ералы Бақтыбек. Негізгі Қонаев көшесіндегі жолдың шұрық-тесігін, жаңартылмағалы біраз болғанын бүкпесіз баяндап берді. Жылдан жылға көркейіп, көз сүйсінерліктей болса дейді. 

Арнольд Балгеймер де Текелі қаласының тұрғыны. Үйі дәл Қонаев көшесінің жиегінде орналасқан. «Газ құбырларын жүргізіп өтсе де  қазылып алынған жерлер әлі де ретке дұрыс келтірілмей жатыр»,  – деген уәжін айтты. 

Тұрғындар айтса айтқандай, мұның бәрін көзбен көрдік, көңілге күдік ұялатпай тұрып әкімді еске алдық. Тәжірибесі мол басшының мұның бәрін білмеуі мүмкін емес,  бұл жерде сала мамандарының да салғырттығы бар-ау. Мемлекет және қоғам қайраткерінің атына берілген көшені бойлап жүріп келеміз. Жүре берсең, көре береді екенсің. Қираған ғимарат, құрылысы құрдымға кеткен нысандар, жол жиегіндегі әрбір жерде үйілген қап-қап қоқыс пен кесілген теректердің жиналмай, шашылып жатқан бұтақтары, қисайып қыңырайған шарбақтар көше көркінің кетеуін кетіріп-ақ тұр. 

Біздің мақсат тек қана кемшілігін теру емес, дара тұлғаға берілген көшенің жай-күйін көру еді. Текелі мемлекет тарапынан қолдау көріп, моноқала ретінде назарда тұрған қала. Сонымен бірге туризмнің алтын аймағы бола алатын әлеуеті де бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынып жатқан шаңғы биатлоны салынса  қыстың өзінде алыс-жақыннан келетін туристер легі көбейетіні сөзсіз. Ал жаз айында өзіне ынтықтырған ғажайып табиғатымен бірге  Бұрқанбұлаққа баратын елдің Текелі арқылы да жүретінін ескерсек, Қонаев көшесінің кедір-бұдырдан ада, қоршаулары да бірдей жарасып, көзайым болып тұрғаны жөн емес пе?! Бұл сөзімізді дұрыс қабылдаса, әкімдіктегілер айтылған олқылықты көп өткізбей оңалтып қалар.

Биыл ұлы тұлғаның туғанына 112 жыл. Туған күні үшін ғана емес, жалпы Текелінің бас көшесі болған соң кіреберіс қақпасынан Қонаев дананың  суреті мен тағылымды сөздері жазылған билборд бірнеше жерден қойылып тұрса, соған бөлінген көңілмен жоғарыда айтқан кемшіліктерді көрмей де қалар ма едік?! Қалай десек те  ұлт перзентін ұлықтауды ұмытпайық!

Медет ЖҰМАБАЙ
Текелі қаласы
Суретті түсірген Руслан Қадыров