ӨНЕРДІҢ ҚОС ЖҰЛДЫЗЫ

Уақыты: 21.01.2024
Оқылды: 951
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жер жаннаты Жетісудың маңдайына біткен қос жұлдызы, «Парасат» орденінің иегері Кендебай Темірбайұлы мен Қазақстанның халық әртісі, ҚР Президенті степендиясының иегері Алмахан Кенжебекованың отау тіккеніне биыл 50 жыл. Өнер мен өмірде қол ұстасып, қоса ағарып жүрген жандардың қазақ руханиятына сіңірген еңбегі өлшеусіз екені айтпаса да түсінікті.

Өнер өлшемге салғанда тұнық әрі тұңғиық теңіз іспеттес. Сол теңізді тайсалмай кешіп өткен жандарды біз саф өнердің саңлағына теңейміз, майталман деп дәріптейміз. Жан мен жар қалауын қатар тапқан отбасы бүгінде Жетісу жерінде ғана емес, қазақ руханиятында өзіндік құрметке ие.

Тағдыры мен тілегін, арманы мен аңсарын, сағынышы мен сарылысын, демі мен үнін қос өрімдей бір-біріне жалғаған жандар қазақ өнерінде бар десек, олардың ішінде айшықтап көрсетер кейіпкеріміз Кендебай мен Алмахан екені даусыз. Шаңырақты шайқалтпай, бір-бірінің талантына тұсау болмай, керісінше, тірлік-теңіздің ұлы толқынында ескектерін бірлесе ескен, біріне-бірі қамқор болып жүрген асылдар деп қос кейіпкерді құрметпен айта аламыз.

Халықтың сүйіктісіне айналған жандардың Талдықорғанда тұрып, өнер үшін еңбек етіп жүргені біз үшін үлкен мақтаныш. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы қабырғасында тірлік жарастырды, тілек тоғыстырды. Шәкірт атана жүріп шаңырақ көтерген жылдары сол тұстағы өнер саңлағы, ел ардағы Құрманбек Жандарбековтың Медеу шатқалындағы саяжайында тұрып, өмірге келген алғашқы перзенттерінің есімін ырымдап Медеу деп атады. Сонау 70-ші жылдары аталмыш оқу орнын бітіргеннен кейін ат басын арман арқалаған күйі Талдықорғанға бұрады. Тағдырдың зілмауыр салмағы мен Кеңес заманының батпанын қатарынан иыққа арта жүріп отбасы құрған жандар жаңадан іргетасы қаланған Бикен Римова атындағы театрдың алғашқы қарлығашы ретінде қол ұстасып сахнаға көтерілді.  Азып-тозған қала, суық сахна, бастауы бар, болашағы бәймәлім театрдағы алғашқы жылдардың ауыртпалығын қатар татты. Арқаға аяздай батқан ауыр жылдарды қазір бір-бірімен жарасқан қос өнерпаз күле еске алады. «Бүгінгі жеткен жетістіктігіміз –  теңіз кешіп өткенмен бірдей»,  дейді Алмахан апа.

Өнердің өзекті және бекзат саласы – театр. Қазақ сахна өнері тумысы бөлек, тұғыры биік тұлғалардың табиғи таланты, жанкешті еңбегі арқасында өсіп, өркендеді. Оған қоса театр – синтездік өнер. Қаншама ауыр тақырып, режиссермен жұмыс істеу, жарық беруші мен автордың көңілінен шығу да актердің мойнына артылады. Арба сүйреген атқа ұқсап, барлық жүкті көтеріп, шығарманы шыңға шығаратын да осы әртістер. Жарық және музыкамен байланысып, режиссердің ойын арқалап, салмағын көтергеннен кейін құдды бір шыңды бағындырғандай күй кешесің. Жарқ етіп жанған жұлдыздардың бәрі еңбек жолын эпизодтық рөлден бастайды. Ал қос жұлдыздың сахнадағы алғашқы рөлдері қазақ әдебиетінің баға жетпес жауһары «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» туындысынан бастау алған. Кейіннен екеуінің сахнадағы серіктестіктері жалғасты, түрлі қойылымда өнер көрсетті. Кендебай Темірбайұлының қайталанбас бейнелері халықтың көз алдында. Ол  «Райымбек, Райымбекте» Мұқағали, «Қарагөзде» Сырым, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуда» Қозы, «Алдар көседе» Алдар, «Ұлпанда» Торсан, «Қаракерей Қабанбайда» Ақтамберді жырау, «Көтерілген күмбезде» Шыңғыс хан,  «Естайдың Қорланында» Естай және сол секілді алуан рөлді көрермен назарына ұсынды. Алмахан апа «Қарагөзде» Мөржан, «Абайда» Әйгерім, «Хан Кенеде» Бопай батыр, «Аласапыранда» Қалипа,  «Ақын Сарада» Сара, «Ана, Жер-Анада» Толғанай, «Арманым – Әселімде» Хадиша, сондай-ақ Бикен Римова театрындағы «Қос мұңлық» драмалық  қойылымында Күнзипа рөлін асқан шеберлікпен сомдады. Бикен Римова атындағы театрда өздерінің жарты ғасырға жуық, яғни саналы ғұмырын өткерген атамыз бен апамыз талай-талай образ сомдап, елін талантымен тәнті етті.

Бала кезінен кітап кеміріп өскен Алмахан Кенжебекова өнерге келіу оқыған кітаптың арқасында дейді. Шығармашылық пен фантазияның дамуы кітаптың жемісі. 5-сыныптан бастап Шота Руставеллидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» кітабын оқығандағы сезім дәл осы өнерге келуге себеп болған. «Шіркін-ай, қазіргі жастар сол замандағыдай кітап оқып, ғажайып әлемге саяхаттап көрсе ғой. Мен Абай жолын 3 қайтара оқығанда үш түрлі күйге бөлендім. Мектеп кезінде оқығанда уақиға мен махаббатқа қызықсам, институтта оқығанда жер мен елдің, ру таласын байқадым. Ал кемеліме келгендей өмірдің ащы-тұщысын татқан уақыттағы оқығаным Әуезовтың үлкен ақыл-парасатын  түсінуге жол ашты», – дейді халық әртісі.

Біз Кендебай екеуміз де шығар­ма­шы­лық адамымыз. Бір-бірімізд­і жақсы түсінеміз, жан-жүре­гіміз­бен сезінеміз. Жаныңда өзіңді түсі­нетін, сенің мықты маман, үлкен тұлға болып қалыптасуыңды қолдап, тілеуің­ді тілеп отыратын адамның болғаны өте ма­ңыз­ды. Менің өмі­рім­де Кендебайдың рөлі мен ықпалы қандай болса, оның өміріндегі менің рөлім және ықпалым дәл сондай деп айта аламын. Мен өз күйеуімнің қызметін, оның ұстанған жо­лы мен мойнына алған міндеттерінің қыр-сы­рын жақсы біле­мін және үнемі қолдап, оның әр жетістігіне қуанып, мақтанып отырамын, – дейді Алмахан Нұрпейісқызы.

Шығармашылық адамы жан-жақты болатыны рас. Қос жұлдыз сахнада ғана емес, саз әлемінде де із қалдырып, композитор ретінде де терсіңді еңбек етті. Осы күнге дейінгі шығарған әндері бір кітапқа жүк болардай. Алмахан апаның әуезді әндері Мұқағали Мақатаевтың «Сахарының шұбырған түйелері», «Жас қайың», «Жазғырма мені», «Мәңгіге сен қаларсың», «Туған ел», «Отаным, саған айтамын», «Қайырлы таң тыныштық» өлеңдеріне жазылса, ал Кендебай атамыз Ахмет Кендірбектің «Өмір осы, дүние-ай», Гүлбақыт Қасенованың «Құс қанаты», Жомарт Айдаровтың «Ата-тегімді сағындым», Ерлан Еркіннің «Аналарға сағыныш» өлеңдері мен балладаларын әсем әнге айналдырып, нотаға түсірген.

Талантымен таңдай қақтырған қос жұп сонау 90-жылдардағы тоқырау кезінде Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрының шаңырағын сақтап қалғанын да ескергеніміз жөн. Жас бола тұрып, қанша ұсыныс түссе де Жетісудан табан аудармай, қара шаңырақтың қазығы болып қағылды.

– Сахнаның сиқыры бар. Оған шыққан әрбір талант жарқ етеді. Кейде жарымның талантына тәнті боламын. Оның рөлін  соншалықты шынайы, таза әрі шарықтау шегіне жеткізіп сомдағынын көргенде іштей мақатанамын. Қасиетті өнер мен құндылығы мол отбасын қатар алып жүріп, 50 жыл елдің де, ененің де көңілін таба білген Алмаханға ризамын. Арасында келетін қонақтың ризашылығын алып, құрметтеп, өсіріп отырған бала-шағаның тәрбиесіне қарап, тағдырына алаңдап, болашағына бағдар бере білдік,дейді Кендебай ата.

Рухани құндылыққа үңіліп, махаббат пен тыныштықтың, мейірім мен мерекенің мекені – отбасының жылуын сақтай білген жұп көп жасқа үлгі. Өнер мен отбасының нарқы мен парқы  төмендеп бара жатқан қазіргідей кезеңде осындай халық алдында жүрген отбасыларды насихаттаған жөн. Алдыңғы толқын кейінгі жасқа өнеге болса дейміз.

Бүгінде қос кейіпкеріміздің Оқушылар сарайында жас таланттарды дайындайтын «Жас актер» үйірмесі бар. 10 жылдың көлемінде ел аузына ілігіп қана қоймай, шығармашылық баға алған қойылымдары бар. Театрдың тырнақалды туындысы Болат Шарахымбайдың «Желтоқсанның 16-17-сі қандай күн?» деген шығарма. Сондай-ақ, Мұқағали Мақатаевтың «Алтай Атырау», Оразалы Сәбденнің «Абай – Қазақстанның болашағы», Мұхтар Шахановтың «Танакөз» қойылымдарымен республикалық, халықаралық байқаулардан үздік деп танылып, жүлделі орындарды еншілеп жүргенін айта кеткен жөн.

Айғаным АЙТМҰХАН