САҒЫНДЫҚ, АПА, ӨЗІҢДІ

Уақыты: 16.03.2018
Оқылды: 3231
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Әкем бір атадан жалғыз. Менің де тағдырым дәл сондай. Кейде жатып әкеме: «Неге ерте кеттің? Соңымнан ерген інім не сіңлім де жоқ. Ең құрығанда әпкелеп жүретін бір бауырым болғанда ғой», – деп назымды айтып қоямын. Алайда амал қанша? Есесіне тумасақ та туғанымдай болған сендер барсыңдар. Оған да шүкір. Сол үшін Наурыздың алғашқы дәмін біздің үйден татасыңдар. Бала-шағаның бәрі жиналсын. Бірінші біздің ақ дастарқанда бас қосамыз. Содан кейінгісін уақыт көрсетер. Сендер үшін бесбармақты өзім жасаймын. Бәрің тура сағат 12.00-ден кешікпей үйде болыңдар».
Иә, бұл сөздерді Бәтима апамыздың аузынан естімегелі де біраз уақыт өтті. Айтылған сөз біз үшін бұлжымас заң. Сағат тілі он екіні соққанда бәріміз түгел дастарқан басынан табылатынбыз. Кешігіп қалу болмаса сылтауратып бармау деген болмайтын. Әсіресе, көк шығып, құстар ән сала бастаса апамыз қазан көтеріп, қыстай сақтаған сүр етінен наурызкөжені жиі жасайтын. Биылғы Наурыз біз үшін мүлде басқаша. Бар дәмді мен тәттіні алдымызға тосып, ақ батаны ақтарып, әрқайсымызға сыйлық ұсынатын әулетіміздің үлкені әрі ақылшысы, жанашырымыз ортамызда жоқ. Бұл – өмірдің заңдылығы. Мұны ешкім де өзгерте алмайды. Ол өзгермейді де.
Алтыннан да қымбат әрі бағалы уақыт дейтін құдіретте шек те, шет те жоқ. Кеше ғана арамызда күлімдеп, ақылын айтып, кеткен кемшілікті түзеп, өзін емес, өзгені көп ойлап отыратын асыл жанның жарқын бейнесі, байсалды қоңыр дауысы бүгін тек сағыныш болып қалды. Өкінішті-ақ.
Өз жұмысын мінсіз әрі адал атқарған жұдырықтай жүрекке бір ғана әулет емес, күллі Жетісу жұртшылығы сыйып кететін. Мейірімге толы жүрегі бәріне жақсылық тілеуден шаршамайтын. Осындайда ана жүрегінің кеңдігіне тағы да куә болатынбыз.
Бәтима апаның айтқан әр сөзі біз үшін бойтұмар еді. Бәріміз жинала қалсақ ол кісінің рұқсатынсыз асқа қол созбайтынбыз. Апаның ақ батасын алмай қандай да бір іс бастамайтын біздің әулет үшін ол кісінің орны тым бөлек. Көргені мен көңілге түйгені бір төбе асыл жанның әулетімізде орны ойсырап тұрғаны байқалады. Төрден ойып алған орны бүгінде бос тұр. Бірақ әрқайсымыздың жүрегіміздің түбінде ол кісіге деген махаббатымыз өшкен емес. Өшпейді де. Өзінің даналығымен, жанашырлығымен үнемі ақыл қосып отыратын, біздің тілеуімізді тілеп, қуанышымызға шын қуана білетін апамыздың жоқтығы жанымызға батады. Бір кем дүние деген осы болар, бәлкім?!
Әулеттің берекесі мен ынтымағын бірінші ойлайтын Бәтима апа келіндерін қыздарынан кем көрмейтін. Үлкен және кіші келіндеріне ақылды, парасатты ене мектебін көрсете білді. Үлкенінің ісіне разы болып, кішілерге үнемі ақылын айтып отыратын. Тіпті, кейбір немерелеріне келінді өзі таңдап бергенін де зор мақтанышпен айтамыз. Жас шаңырақтың көтерілуіне тікелей атсалысқан Бәтима апаның үміті ақталды. Тіпті, өмірінің соңғы минутында жаны қанша қиналса да дүние есігін ашқан шөбересінің есімін қойып, ақ батасын беріп үлгерді. Оған да шүкір.
Қалай десек те өлімге қарсы тұра алмайтынымызды білеміз.  Біздің қолдан тек Құран бағыштап, Алладан жаныңыздың жаннат төрінен орын алуын ғана тілеу келеді. Қош бол, ардақты апатай, мейірім мен асыл жүректің иесі, әулетіміздің жанашыры бек ақылшысы.

Орныңыз қалды ойсырап​

Төрінен орын берсе екен деп жұмақтың,
Намаз сайын тіледім соны ұзақ түн.
Тал бесік пен жер бесіктің арасы,
Дариға-ай, шіркін, болады екен ғой бір-ақ күн.

Алты Алашыңыз қайғырды апа дер едім,
Бар еді ғой жастарға әлі керегің.
Ұждансыз ұл мен қылықсыз қызды тыюға,
Сіз жетпей жүрсіз, қайтпас та қайсар еменім.

Сіз басқан ізді ұрпаққа үлгі жол етем,
Ол жолдан алар тағылым-таным мол екен.
Бір-ақ күнде орныңыз қалды-ау ойсырап,
Жүз жыл болса да қас-қағым өмір сол екен.

Мәңгі өмірде Жаратқан өзі қолдасын,
Періштелер кеп қараңғылықтан қорғасын.
Аяулы ана, ақылы дария – жақсы апа,
Дидарың нұрлы, иманың болсын жолдасың.

Ханша Раисова,
айтыскер ақын

Еске алушы Кенебавтар әулеті